Аталған аумаққа негізінен үйеңкі мен қарағаш көшеттері егіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Қарағанды облысында биыл көктемде кең ауқымды көгалдандыру науқаны басталады. Бұл өз кезегінде шаһарды жасыл қала етуге ықпалын тиізе түседі.
Әлбетте, жобалар легі тек осы бағытпен шектелмейді. Дәл осындай көгалдандыру жұмыстары Қарағанды – Теміртау автожолы бойында да жүргізілмек. Сонымен қатар, Алматы бағытына қарай созылып жатқан Спасск тасжолы бойындағы жасылдандыру ісі кезең-кезеңімен жалғасады деп күтілуде.
Жалпы, өңір бойынша көгалдандыруға кешенді тәсіл қарастырылған. Ағаш егу саябақтарда, гүлзарларда және тұрғын алаптарда жүзеге асады. Мұнымен қоса, көктемдік егу жұмыстары да қатар жүргізілмек.
Теміртауда ағаш егу жұмыстары сенбіліктерден соң басталса, Балқашта көгалдандыру негізгі көшелер – Қараменде би, Абай және Бөкейхан даңғылдары бойында шоғырландырылады.
Орман қоры аумағында да ауқымды жұмыстар жоспарланған. Бұл бағытта қажетті дайындық жүргізіліп, тиісті база қалыптастырылған.
– Қазіргі уақытта орман тұқымбағында 5,5 миллион дана көшет бар. Биыл үйеңкі, қарағаш және қараған егіледі. Ал келесі жылы осы ағаш түрлерімен қатар қарағай, жиде және қайың көшеттерін егу бойынша дайындық жұмыстары көзделіп отыр, – деді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев.
Орман дақылдарының жерсіну деңгейін арттыру мақсатында өңірде жылыжай кешенін салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге саланың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасып келеді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық жоспарланған іс-шараның сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Экологиялық ахуалды жақсарту және жасыл қорды ұлғайту үшін орманды қалпына келтіру жоспарын толық орындап, көшеттердің жерсіну көрсеткіштерін ұлғайту қажет. Аумақтық инспекция тарапынан тұрақты бақылау ұйымдастырылуы тиіс. Қалалар мен елді мекендерде көгалдандыру сапасына және егілген ағаштарды күтіп-баптауға ерекше назар аудару маңызды. Барлық жұмыстар жүйелі бақылауда болуы қажет, – деді өңір басшысы.