"Қаралы қаңтар" қаһармандарының атын мектепке беруді ұсынды

2206

Тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларын "батыр" деп танып, мектептерге есімдерін беру бастамасы көтеріліп жатыр.

"Қаралы қаңтар" қаһармандарының атын мектепке беруді ұсынды

Елдегі оқиға кезінде ІІМ-ге қарасты Ұлттық ұланның екі жауынгері Мадияр Оразалыұлы Қайсаров пен Айбат Ерболұлы Аманов опат болды. Оларды Президент өз Жарлығымен ІІІ-ші дәрежелі "Айбын" орденімен марапаттады.

Қос жауынгердің есімдерімен мектептерді атап, құрмет-қошемет көрсету бастамасын Қостанай облысының тұрғындары көтерді. Оның мән-жайын идея авторы, Алтынсарин ауданының Қарағайлы мектебінің мұғалімі Қабдрахман Қалиев баяндады. 

"Қасіретті қаңтар күндері Қазақстанның қалаларында халық арасындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға наразылықты қарау мақсатына пайдаланған, бассыз кеткен экстремистер қолынан құқық қорғау органдарының қызметкерлері қаза болды, қаншасы жарақат алды. Ұлттық ұланның қатардағы жауынгерлері Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов әскери борышын ақырына дейін атқарып, ажалдан қаймықпай, содырлармен айқас үстінде ерлікпен қаза тапты. Әрине, Президент Қ. Тоқаев Үкіметке шейіт болған қаһармандардың отбасыларына лайықты қамқорлық жасауды тапсырды. Өз кезегінде біздер, Қазақстанның қарапайым педагогтері бұдан сырт қала алмаймыз!", – деді ол. 

Осыған байланысты ол ұстаздар атынан билікке ұсыныспен шыққан. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке хатында ұстаздардың ұлағатты ұсынысына қолдау көрсетуді сұрады.

Қостанай облысының әкімі әзірге ұстаздар идеясына жауап қатқан жоқ, әкімдік оны қарастырып жатыр.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі марқұмдардың туған-туыстарына рухани және материалдық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.

"2022 жылғы 5 қаңтарда Мадияр Қайсаров жедел бөлініс құрамында Қызылорда қаласында қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерін атқару кезінде ауыр жарақат алды. Өкінішке қарай, сарбаз ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. Қаңтардың осы бір азалы күнінде қоғамдық ахуалды тұрақтандыру тапсырмасын орындау кезінде теріс ниетті бүлікшілердің шабуылынан қаймықпаған, сертінен тайып, құбылмаған тағы бір ұландық сарбаз қаза тапты. Айбат Аманов Талдықорған қаласында заңдылықты қалпына келтіру кезінде құқық бұзған бұзақылармен бетпе-бет келді", – деп мәлім етті Ұлттық ұлан.

Мадияр – 2002 жылы, Айбат – 2003 жылы туған. Екеуі де әскерге Қарағанды облысынан шақырылыпты.

Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу