Қарасай ауданында үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді

351

Алматы облысының Қарасай ауданында әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қарасай ауданында үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді Фото: Алматы облысының әкімдігі

Бүгінде өңірде білім беру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды жобалар қолға алынған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ауданда үш ауысымды оқыту мәселесі толығымен жойылды

Қарасай ауданында білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Алматы облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, соңғы төрт жылда ауданда 13 жаңа мектеп, оның ішінде "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 8 мектеп салынды. Сонымен қатар, 3 жапсаржай салынып, үш ауысымды оқыту мәселесі толығымен шешілді. Бұл ретте 2022 жылы ауданда 12 мектеп үш ауысымда білім берген болатын.

"Білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде бұл мәселе өз шешімін тапты. Бүгінде ауданда 83 мектеп жұмыс істейді. Оның 62-сі – мемлекеттік, 21-і – жекеменшік білім беру ұйымдары. Жаңа мектептердің салынуы оқушыларға қолайлы жағдай жасап, білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік беруде", – делінген хабарламада.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Жергілікті атқарушы органдар білім беру нысандарының қолжетімділігін арттыру және оқу процесіне заманауи стандарттарды енгізу мәселесін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Жаңа білім ошақтарын ашумен қатар, қолданыстағы мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңғырту және заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде.

Денсаулық сақтау нысандары салынады

Қарасай ауданында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту аясында екі ірі медициналық нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Қаскелең қаласында құны заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткен көпбейінді балалар ауруханасы да Қаскелең қаласында салынады. Аталған жобаға аудан әкімдігі тарапынан 4,5 гектар жер телімі бөлінді.

Бұдан бөлек, аудандық көпбейінді орталық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны биылғы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.

"Ауылдық жерлерде де медициналық инфрақұрылым жаңартылып жатыр. Абай және Үштерек ауылдарында әрқайсысы 50 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. Қаратөбе ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Көктоған, Ақсеңгір, Көкөзек және Кемертоған ауылдарында отбасылық денсаулық орталықтары ашылды", – деп хабарлады өңір әкімдігі.

Жаңа нысандардың іске қосылуымен қатар, аудандағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінеді. Мекемелер заманауи диагностикалық және емдеу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, ауылдық жерлерге білікті жас мамандарды тарту бойынша тиісті қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Жалпы, атқарылып жатқан кешенді жұмыстар аудан тұрғындарына, әсіресе ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу