Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыты жобасына Hyundai Engineering тартылды

Бұл туралы Оңтүстік Кореяның компаниясы хабарлаған.

Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыты жобасына Hyundai Engineering тартылды Фото: kmg.kz

Компания Қарашығанақ кен орнында салынатын газ өңдеу зауыты жобасы бойынша QazaqGaz ұлттық компаниясынан ынталандыру хатын алды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жоба аясында жылына 5 миллиард текше метрге дейін шикі газ өңдеуге қауқарлы ірі өндірістік кешен салу жоспарланып отыр. Болашақ кәсіпорын Қарашығанақ өңдеу кешенінің құрамында жұмыс істейді және Қазақстанның ішкі газ өңдеу қуатын арттыруға мүмкіндік береді.

Алдын ала мәлімет бойынша, жоба құны бірнеше миллиард долларды құрайды. Құрылыс жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделген. Hyundai Engineering жобалау және жабдықтау жұмыстарын жүргізсе, құрылысқа италиялық SICIM компаниясының жергілікті бөлімшесі қатысады.

Қарашығанақ газ өңдеу зауыты – Қазақстанның газ саласындағы стратегиялық жобалардың бірі. Жаңа өндіріс орны іске қосылғаннан кейін "шикі газды ел ішінде өңдеу көлемі ұлғайып, сыртқы инфрақұрылымға тәуелділік азаяды" деп күтілуде.

Осыған дейін Қазақстанның Энергетика министрлігі QazaqGaz компаниясын аталған жобаның бірыңғай операторы етіп бекіткен болатын. Қазіргі уақытта жобаны техникалық және инженерлік тұрғыдан дайындау жұмыстары жалғасып жатыр.

Қарашығанақтағы жаңа зауыт елдің газ өңдеу әлеуетін күшейтіп қана қоймай, ішкі нарықты газбен қамту тұрақтылығын арттыруға да ықпал етпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу