Қаратұрын кен орнындағы өрт: Экология министрлігі ауаға метан таза күйінде тарамағанын айтты

257

Компанияға салынған айыппұл мөлшері шамамен 500 млн теңгеге жетті. 

Қаратұрын кен орнындағы өрт: Экология министрлігі ауаға метан таза күйінде тарамағанын айтты Фото: primeminister.kz

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Қаратұрын кен орнындағы апатқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Өздеріңізге белгілі, кен орнында (ред. – Маңғыстау облысындағы Қаратұрын кен орны) апат болды. Атмосфераға метанның таза күйінде шығарындысы болмағанын атап өткім келеді. Себебі метан – улы газ, бүкіл әлемде басқару процесінде және апатты жағдайларда оны жағып жібереді. Қазір кейбір БАҚ-тарда таза күйінде метанның үлкен көлемі шығарылғаны туралы мәселе көтеріліп жатыр. Шындығына келгенде, мұндай жайт болмады", - деді министрлік өкілі Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Жомарт Әлиев кен орнында жоспардан тыс тексеру жұмыстары аяқталғанын жеткізді. Компанияға айыппұл салынған. 

"Осы апат салдарынан ауаға метан шығарылды деп айту дұрыс емес. Технологиялық көзқарас тұрғысынан қауіпсіздік техникасы сақталуын ескере отырып, метанды таза күйінде атмосфераға шығаруға тыйым салынған", - деп жалғастырды ол.

Тілшілер спикерден компанияға салынған айыппұл мөлшері туралы сұрады. 

"500 млн теңгеге жуық", - деді вице-министр.

Еске салайық, осыған дейін Қаратұрын кен орнындағы залал 350 млн теңге айыппұлды құрағанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу