Жиында тергеу жұмыстарының барысы және қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккендерге көрсетілетін көмек мәселелері қаралды.
Үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев мемлекет қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті қолдауды толық көлемде көрсететінін мәлімдеді. Заңда көзделген кепілді төлемдер кідіріссіз жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, әр отбасыға атаулы қолдау көрсету үшін жауапты мамандар бекітіледі.
Азаматтық бастаманың арқасында арнайы қорға қажетті қаражат жинақталды. Осыған байланысты қаражат жинау жұмысы аяқталды деп жарияланды.
Жиналған қаражатты қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккендерге ашық, атаулы және әділ бөлу үшін арнайы комиссия құрылды.
Мемлекеттік және құқық қорғау органдарына қаражаттың мақсатты жұмсалуын қатаң бақылау тапсырылды.
Тергеу барысы мен зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары Үкіметтік комиссияның бақылауында болады.