Қаражаттың тиімсіз жұмсалуы екі есеге көбейді - Бақыт Сұлтанов

885

Қаражаттың тиімсіз жұмсалуы екі есеге көбейді - Бақыт Сұлтанов

Республикалық бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге көбейді. Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында 2017 жыл бойынша есеп берген ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Расында қаражаттың тиімсіз жұмсалу сомасы 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге көбейді. Осы сомаға кіретін көрсеткіштердің біреуі төмендесе (игерілмеу сомасы екі есеге азайды), екіншісі ұлғайып отыр (сыртқы және ішкі аудит тексерулері кезінде анықталған заң бұзушылықтар). Қаржылық бұзушылықтың 86 пайызы бухгалтерлік және қаржылық есептерді жүргізудегі заңнаманың бұзылуына тиесілі. Бұл мәселе бір жағынан, осы мамандардың біліктілігін арттыру, екіншіден, оларды міндетті түрде кәсіби сертификаттау арқылы ғана шешіледі деп ойлаймыз", - деп атап өтті министр.

Бұдан бөлек ол жыл сайын қозғалатын проблеманың бірі - ол квазимемлекеттік субъектілердің шотындағы қалдықтарға қатысты екенін атап өтті.

"Өткен жылы бюджеттік заңнамаға толықтыруларға сәйкес, осы субъектілердің шоттарында қалыптасқан қалдықтар үнемдеуге жатқан жағдайда, әрі қарай пайдалануға мүмкіндіктері бар. Бірақ, бұл норма мәселені түбірлі шешпей отыр. Былтырғы бюджет кодексіне енгізілген өзгертулерге сәйкес, енді квазимемлекеттік субъектілерге қаражатты бөлу қаржы-экономикалық негіздемеде анықталған бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру мерзімдері бойынша атқарылады. Қазіргі кезде бюджет рәсімдерін жетілдіру тобының жұмысында көп жылдар бойы пайдаланылмай, квазимемлекеттік субъектілері шоттарында жатқан қаражаттарды бюджет кірісіне қайтару нормасы талқылануда", - деп түйді Бақыт Сұлтанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, сенаттың қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында квазимемлекеттік сектордың субъектілері игерілмеген қаржыны бюджетке қайтаруға міндеттелетіні мәлім болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу