BILD басылымының жазуынша, елде бірнеше метрлік қар үйінділері пайда болып, жазатайым оқиғалар жиілеп кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жапония билігі көптеген қайғылы оқиға ғимараттардың шатырларынан құлаған қалың қардың адамдарды басып қалуынан болғанын мәлім еткен. Зардап шеккен аймақтарда үйлердің құлағаны туралы да ақпарат бар.
Қазірдің өзінде 46 адам қаза тауып, 558 адам жарақат алды. БАҚ мәліметінше, кейбір адамдардың мәйіттері қар астында бірнеше күн бойы жатып қалған, себебі оларды дер кезінде табу мүмкін болмай тұр.
– Қаңтар айының соңынан бері Жапонияның солтүстігінде бұрын-соңды болмаған көлемде қар жауып жатыр. Көптеген өңірде қар әлі де тоқтаған жоқ. Аомори мен Аджигасава сияқты қалаларда биылғы қыста қар жамылғысының биіктігі бір метрден асты. Кейбір аудандарда қар қалыңдығы төрт жарым метрге дейін жеткен, – деп жазады басылым.
Аомори губернаторы Соичиро Миясита қалалық әкімдік көшелерді, үйлерді және теміржол жолдарын қардан тазартуға шамасы жетпей жатқанын мойындады. Сол себепті, ақпан айының басында Жапония армиясынан көмек сұраған. Қазір сарбаздар, ең алдымен, қарттар мен жалғыз тұратын адамдарға көмектесе отырып, қар тазалау жұмыстарына қатысып жатыр.