Кімасар көлі – ағынды бөлігі бар жасанды су қоймасы. Су айналымының арқасында қыс мезгілінде көл бетінің жекелеген тұстары толықтай қатпайды. Көлде шортан, сазан (тұқы), мөңке, торта және алабұға мекендейді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аязды күндері балықтардың оттегі жетіспеушілігіне ұшырамауы үшін мамандар аэрациялық шаралар жүргізеді. Мұздың бетінде 10-нан 15-ке дейін ойық бұрғыланып, олардың ішіне құрғақ қамыс салынады. Бұл әдіс суға оттегінің түсуін қамтамасыз етіп, көмірқышқыл газы мен өзге де зиянды заттардың шығуына ықпал етеді. Қамыстың қуыс сабақтары табиғи ауа арналарының қызметін атқарып, су қоймасының толықтай қатпауына және ондағы тіршілік иелері үшін қолайлы жағдайдың сақталуына мүмкіндік береді.
Жұмыстар басталар алдында ғылым және мониторинг бөлімінің мамандары эхолоттың көмегімен су айдынына зерттеу жүргізді.
– Бұл су тереңдігін, су қабатының жай-күйін және балықтардың ең көп шоғырланған орындарын анықтауға мүмкіндік берді. Осыдан кейін аэрациялық жұмыстар мемлекеттік инспекторлармен бірлесіп басталды. Барлық жұмыстар бір апта ішінде аяқталды, – деді мониторинг жөніндегі аға маман Мөлдір Әлімбетова.
Осыған ұқсас аэрациялық шаралар Қарқаралы ұлттық паркінің өзге де су айдындарында – Шоқпартас, Кендара және Самал көлдерінде жүргізілді. Бұл профилактикалық жұмыстар қыста балықтардың қырылу қаупін азайтуға, ихтиофаунаны сақтауға және тұрақты аяз кезеңінде экологиялық тепе-теңдікті қолдауға бағытталған.