Жаңа Конституцияда цензураға тыйым айқын бекітіледі

101

Бұл туралы "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова мәлімдеді.  

Жаңа Конституцияда цензураға тыйым айқын бекітіледі Фото: Ұлттық құрылтай

Жаңа редакциядағы Конституция сөз бостандығына кепілдікті күшейтіп, цензураға тікелей тыйым салуды нақты бекітеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Оның айтуынша, бүгінде қоғамда сөз бостандығына қатысты тақырыптарға қызығушылық артқан. Алайда талқылаулардың сапасы әрдайым біркелкі емес.

– Сөз бостандығын қорғауды басты мақсат еткен ұйымның жетекшісі ретінде қоғамдағы белсенділік мен үшін қуанышты жағдай. Бірақ пікірталастардың едәуір бөлігі нақты деректерге емес, жорамалдарға сүйеніп жүргізіледі. Қазір Конституция жобасының түпкілікті мәтіні әлі дайын емес. Осы кезеңде біз түрлі нұсқаларды талқылап, құқықтық екіұштылыққа жол бермеу және нақты нормаларды қалыптастыру үшін өз ұсыныстарымызды енгіздік. Ең бастысы – жаңа редакциядағы Конституцияда сөз бостандығына кепілдік беріліп, цензураға тікелей тыйым айқын белгіленеді, – деді Қарлығаш Жаманқұлова.

Сарапшының пікірінше, бұл нормалар қоғам үшін ерекше маңызға ие. Өйткені олар азаматтық институттар мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, ашық диалогтың нақты стандарттарын қалыптастырады әрі елдің демократиялық дамуына серпін береді.

– Қоғамдағы кейбір алаңдаушылық қолданыстағы Конституцияның 12-бабымен байланысты екенін түсінемін. Онда бір адамның құқықтары мен бостандықтары өзге адамның құқықтары мен бостандықтары басталатын жерде шектелетіні көрсетілген. Алайда мұндай қағидаттар бүгінде де қолданыста бар және олар Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне, соның ішінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына толық сай келеді. Ешбір бостандық өзге азаматтардың құқықтарын тану мен құрметтеу, сондай-ақ демократиялық қоғамдағы мораль, қоғамдық тәртіп және жалпы игілік талаптарынан тыс шектелмейді, – деп түсіндірді Қарлығаш Жаманқұлова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу