Картоп өңдеу ісі тұралап тұр

Шикізатты қайта өңдейтін орын жоқ.  

Картоп өңдеу ісі тұралап тұр Фото: Константин Шелков

Павлодарда еліміз бойынша рекордтық көлемдегі картоп өсіріледі. Жыл сайын өңір шаруалары кемінде 700 мың тонна өнім алады. Оның басым бөлігін еліміздің оңтүстігіндегі аймақтар мен шекаралас мемлекеттерге сатады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Әдетте өңір шаруалары картопты жаздың соңы мен күзде бірден егістен сатып жіберуге асық. Себебі картоптан дайын өнім алатын ірі кәсіпорындар жоқ. Сондықтан кейбірі бірден арзандау бағаға өткізеді. Ал көкөніс қоймасын салып, салқындату құралдарымен жабдықтап алған кәсіпкерлер маусымаралық кезеңді күтіп, қыста, көктемде картоп бағасы қымбаттаған сәтті күтеді. Күзде жинаған өнімін сол кезде саудаға шығарады. 

Бұған дейін шетелдік және отандық инвесторлар мол көлемдегі картопты кәдеге жаратудың түрлі жолдарын қарастырды. Тіпті, бір кездері облыс басшылығы бас болып, крахмал зауытын салуды ойластырды. Алайда мұның барлығы сол күйі іске аспай қалды. 

Осыдан 1,5 жыл бұрын АҚШ елінен келген инвесторлар тағы бір жоба ұсынды. Олар Ақсу қаласына қарасты аймақта мұздатылған картоп өндірісін қолға алуды ойластырды. 2022 жылдың қараша айында америкалық компаниямен өзара әріптестік туралы меморандум да жасалды. Әу баста олар 20 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы құйып, 100 мың тонна картопты өңдеуді жоспарлаған-ды. 

Алайда бұл жоба да жүзеге асқан жоқ. Белгілі болғандай, жергілікті әкімдік инвесторға зауыт салуға арналған үш жер телімін ұсынған. 

"Осыдан бір жыл бұрын жұмыс тобы құрылып, америкалық компаниямен әріптестік мәселелерін талқылады. Инвестормен кездесу барысында шетелдік тарап жерді жеке меншікке сату немесе жалға беруді ұсынды. Бірақ еліміздің заңнамасы бойынша шетелдік қатысуы бар компанияларға жер телімі меншікке берілмейтіні белгілі. Инвестор болса, басқа ұсыныстарға келіскен жоқ", - деп хабарлады жергілікті әкімдік өкілдері. 

Сөйтіп, картоп өңдеуге қатысты тағы бір жоба "шикі" болып қалды. Есесіне Ақсу қаласы өзге инвестормен чипсы дайындау жобасын талқылауда. Бұл тақырып төңірегінде арнайы кеңес те өтті. Қала әкімі Нұрлан Дүйсенбиновтің сөзінше, инвестордың 20 мың тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы болатын зауытты салмақ ойы бар.

Жаңа кәсіпорын келесі жылыдң наурызында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Қайта өңдеу орны ашылса, жергілікті тұрғындар үшін 245 жұмыс орны құрылмақ. Енді тым құрығанда бұл жобаның ойдағыдай орындалуын тілейік. Сол кезде жергілікті шаруалардың өнімін өткізуде "екінші тынысы" ашылып, қайта өңдеу ісі өркендей түсер еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу