Қаржы игере алмай отырған мекемелер мен өңірлер анықталды

1186

Жыл басынан бері 49 млрд теңге игерілмеген.

Қаржы игере алмай отырған мекемелер мен өңірлер анықталды

Қаңтар-мамыр аралығында 49 млрд теңге игерілмеген. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайлов Үкімет отырысында айтты.

Министрдің сөзінше, игерілмеген соманың 10 млрд теңгесі цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш министрлігіне, 8 млрд теңгесі Орталық сайлау комиссиясына, 4,6 млрд теңгесі қорғаныс министрлігіне, 4,6 млрд теңгесі қаржы министрлігіне, 4,3 млрд теңгесі Жоғарғы сотқа тиесілі.

"Игерілмеудің негізгі себептері – мемлекеттік мекемелерді қайта ұйымдастыру, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну", – деді Әлихан Смайлов.

Өңірлер бойынша 7 млрд теңге игерілмеген. Қаржыны кәдеге жаратпаған өңірлердің "көшінде" Нұр-Сұлтан қаласы (1 млрд теңге) және Жамбыл (900 млн теңге), Батыс Қазақстан (700 млн теңге), Түркістан (700 млн теңге) облыстары тұр.

"Қаржының игерілмеу себептері – төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың ұсынылмауы, жұмыстардың бекітілген кестеден қалуы, конкурстардың өткізілмеуі", – деді премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу