Қаржы министрі Мәди Тәкиев биылғы тоғыз айда жергілікті бюджетке 6,9 трлн теңге кіріс түскен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәди Тәкиевтің мәліметінше, жергілікті бюджеттің кірістері 6,9 трлн теңгені құрап, 96,1%-ға орындалды. Аталған кіріс көлемінің өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 102%-ды құрап, 125,6 млрд теңгеге артық орындалды.
"Жалпы бюджет қаражатының кем түсу көлемі 278,3 млрд теңге болды. Жалпы жоспар тоғыз өңірде орындалмады, оның ішінде басым ауытқу – Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстарында болды. Осыған байланысты әрбір өңірде меншікті кіріс әлеуетін пайдаланған жөн. Әкімдіктер мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесе отырып, жыл соңына дейін қосымша түсімдерді қамтамасыз ететін нақты шараларды қарастыруы қажет", – деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстанда жылдық инфляция баяулағанын жазғанбыз.