Қаржы министрі зейнетақы қорынан алынатын 1,5 трлн теңгеге қатысты түсінік берді

436

Мемлекет қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді. 

Қаржы министрі зейнетақы қорынан алынатын 1,5 трлн теңгеге қатысты түсінік берді Фото: Inbusiness.kz

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тілшілер ведомство басшысынан "Премьер-Министр зейнетақы қорынан инфрақұрылымдық жобаларға бағытталатын 1,5 трлн теңгенің қайтарымы республикалық бюджеттен кепілдік берілетіні туралы айтқан болатын. Қажет сома бірден республикалық бюджеттен неге бөлінбейді?" деп сұрады.

"Осы тұста мынаны түсіндіріп өтейін. Біріншіден, зейнетақы қорының ақшасы жұмсалмайды, олар инвестицияланатын болады. Қазір 17 трлн теңгеден астам сома қалай десек те инвестицияланып жатыр. Атап айтқанда, мемлекеттің, квазимемлекеттік сектордың құнды қағаздары, басқа да құралдарға. Шамамен 30 пайызы шетелде инвестицияланады. Үкіметтің Ұлттық Банк және "Бәйтерек" холдингі арасында талқыланып жатқан ұсынысқа келсек, осы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ірі жобаларды қаржыландыруға бағыттауды білдіреді. Бұл жобалар экономиканы дамыту үшін синэнергетикалық әсер береді деп күтіліп отыр. Бұл жобалар арқылы жұмыс орындары ашылып, салықтар төленетін болады. Бұл жобалар өзін-өзі ақтайды деуге болады. Сіз бен біздің жинағымыз сақталады", - деді Ерұлан Жамаубаев.

Тіпті кез келген форс-мажор немесе жобаның ақталмауы сияқты жағдайлардың өзінде мемлекет зейнетақы жинақтарымызға кепілдік береді, деп толықтырды министр.

Айта кету керек, осыған дейін қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы 1,5 трлн теңге қаржысы инфрақұрылымдық жобаларға бағытталуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу