Қаржыгер Президентке "Мемлекеттік криптовалюта" жобасын ұсынды

977

Блокчейн технологиясы арқылы бюджетті қадағалауға болады.

Қаржыгер Президентке "Мемлекеттік криптовалюта" жобасын ұсынды Фото: akorda.kz

Президенттік жастар кадрлық резервінің іріктеуінен сәтті өткен жастардың ішінде Eurasia Blockchain Fintech GroupLimited компаниясының бас директоры Тілектес Адамбеков та бар. Мемлекет басшысымен өткен кездесуде ол ел бюджетін блокчейн технологиясы арқылы қадағалауды ұсынды. 

"Осы уақытқа дейін алған білімім мен тәжірибем мені блокчейн технологиясы аясында құрылған "Мемлекетік криптовалюта" жобасына итермеледі. Блокчейн-технологиялар тек криптовалюта саласында ғана емес, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, логистика және басқа да салаларды дамытуда зор септігін тигізе алады. Мысалы, мемлекеттік қаржы жүйесінде тиімді қадағалау мен транзакциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік алып келеді. Соның арқасында көлеңкелі экономика мен жемқорлықты түбірімен жоюға болады. Бұл жайында түрлі пікірлер бар. Алайда, осы саланың маманы ретінде бүгінгі таңда бұл технологиялар заман талабы, қаржы жүйесін дамытудың келесі кезеңі, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар екеніне сенемін. Шыны керек, қалыптасқан жоғары технологиялық салаларда біз алдыңғы қатарда емеспіз. Алайда, жаңа қаржы технологияларына келгенде біз өзге елдермен теңбіз. Осы уақыт  пен мүмкіндікті жіберіп алмауымыз қажет", – деді ол. 

"Болашақ" бағдарламасының түлегі осыдан 2 жыл бұрын "Астана" халықаралық қаржы орталығында 1 миллион доллларлық инвестиция тарта отырып, технологиялық компанияның негізін қалаған болатын. Сол компания аясында канадалық серіктестерімен бірге "Астана" қаржы орталығының бақылауында болатын салымдық активтер және криптовалюта алмасу биржасын құрған.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу