Қаржылық сауат – қаржы пирамидасына алданбаудың басты жолы

Қазақстанда қаржы пирамидалары мен түрлі инвестициялық алаяқтық схемаға қарсы күрес күшейіп келеді.  

Қаржылық сауат – қаржы пирамидасына алданбаудың басты жолы Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Құзырлы органдар заңсыз жобаларды анықтап, олардың қызметін тоқтатумен қатар, азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға да басымдық беріп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өйткені күмәнді инвестициялық ұсыныстардың құрбаны болмаудың ең тиімді жолдарының бірі – адамның өз қаржысына қатысты шешімді саналы қабылдай білуі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде 500-ге жуық қылмыстық істің тергеуі аяқталып, жәбірленушілерге 22,6 млрд теңге көлемінде залал өтелген. Сонымен бірге заңсыз жолмен 176 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған 44 желінің қызметіне тосқауыл қойылған. Бұл көрсеткіштер қаржылық қауіпсіздік мәселесінің ауқымын аңғартады.

Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Нұрланұлының айтуынша, қаржы пирамидалары – азаматтарды "жоғары табысқа кенелтеміз" деген жалған уәдемен алдап, олардың қаражатын заңсыз иемденуге бағытталған қылмыстық схема.

Өңірдегі тәжірибе де мәселенің өзектілігін көрсетеді. Жыл басынан бері Қызылорда облысында 5 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылып, тергеу барысында жәбірленушілерге келтірілген залал 59 млн теңгеден асқан. Сот шешімдері бойынша мемлекет кірісіне 5,6 млн теңгенің автокөлігі және 2,9 млн теңгеден астам USDT криптоактивтері тәркіленген. Бұдан бөлек, қаржы пирамидасының белгілері бар 3500-ден астам интернет-сайт бұғатталған.

Жақында "Fari Invest" қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Тергеу барысында ұйымдастырушы азаматтарды әлеуметтік желілер мен WhatsApp арқылы инвестиция салуға үгіттеп, жоғары табысқа кенелуді, алтын бұйымдар мен iPhone ұтып алуды уәде еткені анықталған.

Сот оны кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру және инвестициялық қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға айыру жазасын тағайындады.

– Бүгінгі күні департамент жұмысы жазалау бағытынан алдын алу бағытына қайта бағдарланып отыр. Азаматтарды күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге, кез келген жобаның заңдылығын мұқият тексеруге және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз, – деді Руслан Нұрланұлы.

Мұндай сақтық бүгінде тек инвестициялық жобаларға қатысты емес. Қаржы нарығындағы қарыз алу, онлайн кредит рәсімдеу, банк карталарын пайдалану, цифрлық активтерге ақша салу сияқты операциялардың барлығында азаматтың қаржылық сауаты маңызды рөл атқарады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026 жылы жауапты кредиттеу моделін күшейтуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қаржылық өнімдерге қатысты тәуекелдердің алдын алуға басымдық беріп отыр. Реттеушінің жаңа тәсілінде мәселені құқық бұзушылық болғаннан кейін шешуден гөрі, тұтынушыға зиян келтірудің алдын алуға басымдық берілмек.

Агенттік сонымен бірге азаматтардың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған "Қарызсыз қоғам" жобасын жалғастырып келеді. Ресми мәлімет бойынша, соңғы 3,5 жылда жоба аясында жалпы сомасы 785 млрд теңгені құрайтын берешегі бар 778,3 мың қарыз алушыға қатысты қарызды реттеу шаралары қабылданған.

Қаржылық сауат ұғымы тек табысты көбейтуді емес, ақшаны дұрыс басқаруды, несие шарттарын түсінуді, инвестициялық тәуекелді бағалауды және күмәнді ұсынысты дер кезінде ажыратуды білдіреді.

Мамандардың ескертуінше, қаржы пирамидасын ұйымдастырумен қатар оны жарнамалау да қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан блогерлер, әлеуметтік желі әкімшілері және жарнама таратушылар қандай да бір инвестициялық жобаны насихаттамас бұрын оның заңдылығын тексеруі қажет.

Қазақстан Ұлттық Банкі де халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған білім беру материалдарын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2026 жылғы шілдеде Ұлттық Банк қаржылық сауаттылықты арттыру жобасы аясында арнайы оқу материалдарының сериясын дайындағанын хабарлады.

Қаржылық сауат артқан сайын күмәнді уәделерге сенетін адамдардың қатары да азаяды. Сондықтан, қаржы пирамидасымен күрестің ұзақ мерзімді нәтижесі тек қанша заңсыз ұйымның жабылғанымен емес, азаматтардың өз ақшасына қатысты қаншалықты сауатты шешім қабылдай алатынымен де өлшенбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу