Inbusiness.kz тілшісі "Қаржылық сауатсыздық табыстың аздығына тікелей байланысты ма?" деген сұраққа жауап іздеп көрмек.
Қоғамның әл-ауқаты туралы сөз болғанда әңгімені көбіне инфляциядан, жалақыдан немесе әлеуметтік төлемдерден бастайтынымыз рас. Экономикалық қиындықтардың себебін сыртқы факторлардан іздеуге әбден дағдыландық.
Дегенмен, "қолымыздағы қаржыны расымен дұрыс басқара алып жүрміз бе?" деген сауалға келгенде шорқақтығымыз бары анық. Қаржылай сауаттылықтың қоғамдағы рөлі де қазіргі күні өмір-салтымызға айтарлықтай өзгерістер енгізетінін жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, табыс көзінің тұрақсыздығы мен кірістің аздығы әлеуметтік ахуалға өз әлінше әсерін тигізетіні анық, дәл сол секілді қаржылық сауаттылықтың да осы секілді өз орны бар, сонымен қатар, қоғам талабының тізіміндегі алғашқылардың бірі екенін жасыра алмаймыз.
Қаржыға деген көзқарасымыз қандай?
Жоғары жалақыны армандаймыз, алайда қолымыздағы табыстың тағдырын өзіміз қалай шешіп жүргенімізге есеп бере бермейміз. Сөйтіп, қаржылық қиындықтардың себебін көбіне сырттан іздеуге үйреністік. Рас, инфляцияны кінәлаймыз, бағаның өсуін айтамыз, экономиканы сынаймыз. Мұның бәрі рас. Бірақ осы шындықтың көлеңкесінде қалып қоятын тағы бір ақиқат барын ұмыттық. Ол – қаржыға деген көзқарас.
Қаржылық сауатсыздықты көбіміз табыстың аздығымен байланыстырамыз. Шын мәнінде, бұл – қате түсінік. Қаржылық сауатсыздық әмияндағы ақшаның мөлшерімен өлшенбейді, керісінше, ақшаның тағдырын анықтайтын шешімдермен өлшенеді. Бірдей табыс табатын екі адамның бірі қор жинайды, екіншісі ай соңына жетпей қарыз іздейді. Бірі несиені міндеттеме ретінде қабылдайды, екіншісі оны кез келген тілекті орындаудың ең оңай жолы деп көреді. Мұндағы айырмашылық жалақыда емес. Айырмашылық – қаржылық ойлау мәдениетінде.
Қаржылық сауаттылық – табыс пен шығынның арақатынасын түсіну, тәуекелді бағалай білу, қаржылық мақсат қоя алу, несие шарттарының салдарын есептеу, күтпеген жағдайларға дайын болу және эмоция емес, есеп арқылы шешім қабылдау қабілеті. Басқаша айтқанда, қаржылық сауаттылық – адамның ақшаны басқару қабілетімен қоса, өзін де басқару қабілеті.
Ал қаржылық сауатсыздық – керісінше. Бүгінгі қалау үшін ертеңгі тұрақтылықтан бас тарту. Жоспарсыз шығын, ойланбай алынған несие, шартын оқымай қол қойылған келісім, "кейін төлермін" деген жалған сенім. Оның ең қауіпті тұсы алғашқы кезде байқалмайды. Әрбір қате шешім өздігінен үлкен мәселе болып көрінбейді. Бірақ сол ұсақ қателіктер уақыт өте келе қаржылық тәуелділікке, тұрақты қарызға және психологиялық қысымға ұласады. Осылайша, ресми көзқараспен қарап жүрген қарапайым қағидаттарымыз үлкен қиындықтарға әкеледі.
Қаржылық сауатсыздықтың салдары жеке адаммен шектелмейтіні тағы бар. Тиісінше, отбасының тыныштығына, балалардың болашағына, тіпті қоғамның экономикалық мәдениетіне әсер етеді. Бүгінде көптеген жас отбасы ортақ өмірін қаржылық міндеттемемен бастайды. Қымбат той, жалдамалы салтанат, сән үшін алынған техника, бөліп төлеуге рәсімделген жиһаз, тұтынушылық несиелер – мұның бәрі некенің алғашқы күндерінен-ақ отбасы бюджетіне салмақ түсіреді.
Ең қиыны – бұл шығындардың басым бөлігі өмірлік қажеттіліктен емес, қоғамдық қысымнан туындайды. "Елден кем болмау", "ұят болмасын", "той бір-ақ рет болады" деген түсінік кейде жас жұбайларды бірнеше жылға созылатын қарыздың астына түсіреді. Ал несиеге, құрылған өмір уақыт өте келе тек қаржылық қиындық емес, психологиялық шиеленіске де айналады.
Отбасындағы жанжалдардың елеулі бөлігі дәл осы қаржы мәселесінен басталады. Бірі жинақ жасауды қалайды, екіншісі бүгінгі жайлылықты бірінші орынға қояды. Бірі әр теңгенің есебін жүргізуді дұрыс деп санайды, екіншісі оны сенімсіздік ретінде қабылдайды. Ортақ қаржылық қағида қалыптаспаған жерде ортақ жауапкершілік те әлсірейді.
Бұл пікірді Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуі де жанама түрде қуаттайды. Институттың 2025 жылғы деректеріне сәйкес, қазақстандық отбасылардың 50,3 пайызы тұрақты жинақ жасай алмайды. Олардың табысы күнделікті қажеттіліктерді өтеумен ғана шектеледі. Сонымен қатар, отбасылардың тең жартысының қолданыста несиесі бар, ал 52,4 пайызы тұрмыстық тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алған. Бұл көрсеткіштер мәселенің тек табыс көлемінде емес, қаржылық тұрақтылықтың әлсіздігінде екенін көрсетеді.
Қаржылық сауатсыздықтың тағы бір ауыр салдары – адамның алаяқтардың оңай олжасына айналуы. Соңғы жылдары телефон арқылы жасалатын алаяқтық, жалған инвестициялық платформалар мен қаржы пирамидалары көбейген. Олар адамның қаржылық осалдығын пайдаланады. Сондықтан, қаржылық сауаттылық – бүгінде ақшаны көбейтумен қатар, оны сақтап қалудың да қорғанысы.
FinGramota.kz мамандары қаржылық тұрақтылық ең алдымен қарапайым дағдылардан басталатынын атап көрсетеді: отбасы бюджетін жүргізу, шығынды жоспарлау, кемінде үш-алты айлық қаржылық резерв қалыптастыру, қарыз жүктемесін бақылау және кез келген қаржылық шешімді эмоциямен емес, есеппен қабылдау.
Тұтыну мәдениеті ме әлде тұтыну тұзағы ма?
Маркетингтің де мақсаты өзгерді. Ол енді адамның нақты қажеттілігін өтеумен шектелмейді. Керісінше, адамның бойында бұрын болмаған қажеттілікті қалыптастыруға жұмыс істейді. Жарнама өнімді емес, эмоцияны сатады. Мәселен, "Саған бұл керек!" демейді. "Сен осыған лайықсың!" дейді. Осылайша, сатып алу туралы шешім ақылдың емес, эмоцияның ықпалымен қабылданады. Қаржылық сауаттылық дәл осындай сәтте сыналады.
Өйткені қаржылық сауатты адам әр ұсынысқа қызықпайды, әр жеңілдікке алданып қалмайды, әр жарнаманы мүмкіндік деп қабылдамайды. Ол сатып алатын заттың бағасына ғана емес, оның өз өміріндегі қажеттілігіне, ұзақ мерзімді салдарына және отбасы бюджетіне әсеріне де қарайды. Ал қаржылық сауатсыздық көбіне дәл осы тұста көрінеді. Адам өзінің нақты қажеттілігі мен уақытша ықыласының айырмасын ажырата алмайды. Соның салдарынан табысынан бұрын тілегі өседі. Бүгін қажет емес дүниені ертеңгі табысының есебінен сатып алады. Сөйтіп, болашақтағы еңбегін бүгінгі тұтынуға айырбастайды.
Бүгінде "қазір ал – кейін төле" не "тегін ал – бөліп төле" жүйесі қаржы нарығының ең табысты құралдарының біріне айналды. Әрине, бөліп төлеу немесе несие – өздігінен теріс құбылыс емес. Олар дұрыс пайдаланылған жағдайда тұрғын үй алуға, білімге инвестиция жасауға немесе кәсіп бастауға мүмкіндік береді. Бірақ мәселе бұл құралдардың өзінде емес, олардың қолданылу мақсатында. Өкініштісі сол, бүгінде несие көбіне әсер қалыптастыруға жұмсалады.
Қымбат смартфонның жаңа үлгісі, сән үшін алынған автокөлік, салтанатқа толы той, брендке айналған тұрмыстық заттар... Мұндай шығындардың едәуір бөлігі өмірлік қажеттіліктен емес, әлеуметтік қысымнан туындайды. Адам кейде өзіне керек болғандықтан емес, өзгеден қалып қоймау үшін сатып алады. Міне, осы жерде тұтыну мәдениеті тұтынудың тұзағына айналады. Тұтынудың тұзағы бір күнде құрылмайды, өз кезегінше, адамның санасында біртіндеп қалыптасады.
Алдымен қажет емес зат сатып алынады. Кейін оны бөліп төлеу рәсімделеді. Артынша жаңа төлемдерді жабу үшін қосымша табыс ізделеді немесе жаңа несие алынады. Осылайша адам өзі иелік етемін деп ойлаған дүниелерге тәуелді болып шығады. Ақырында ол бұрынғы шешімдерінің құнын өтеу үшін еңбек етеді.
Қаржылық сауатсыздықтың ең қауіпті тұсы да осында. Адамның қалтасын ғана жұқартпайды, тиісінше, таңдау еркіндігін де шектейді. Жинағы жоқ адам күтпеген жағдайға дайын болмайды. Қарызы көп адам тәуекелге бара алмайды.
Қаржылық қоры жоқ отбасы кез келген экономикалық өзгерісті дағдарыс ретінде қабылдайды. Сондықтан қаржылық сауаттылықты "ақшаны үнемдеу" деген қарапайым түсінікпен шектеу дұрыс емес. Бұл – өмірлік басымдықтарды дұрыс қоя білу мәдениеті, табысқа емес, тұрақтылыққа ұмтылу. Әрбір сатып алудан бұрын "Маған бұл расымен қажет пе?" деген сұрақты өзіңе қоя білу.
Жоғарыда жазып өткеніміздей, қаржылық сауатсыздықтың соңы отбасының ойрандалуына да апарады. Ең сорақысы да – осы. Келесі қозғамақшы тақырыпшамыз да осы мәселеге негізделген.
Жас отбасы не жастар некесін неге несиемен бастайды?
Қазақстанда жастардың несиеге тәуелділігі біртіндеп жеке адамның мәселесінен қоғамдық сипаттағы әлеуметтік құбылысқа айналып келеді. Қаржы нарығындағы өзгерістер, тұтынушылық мәдениеттің трансформациясы және цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы қарыз алуды бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдетті. Соның салдарынан несие көптеген жас үшін төтенше жағдайда жүгінетін қаржылық құрал емес, күнделікті өмірдің қалыпты бөлігіне айнала бастады.
Мемлекеттік кредиттік бюроның мәліметіне сәйкес, елімізде 18-21 жас аралығындағы 136 239 азамат микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған. Олардың 18 638-і берешегін 90 күннен астам уақыт өтей алмай жүр. Басқаша айтқанда, осы жас санатындағы әрбір жетінші микроқарыз алушының төлем мерзімін өткізіп алу фактісі тіркелген. Бұл жастар арасындағы қарыз жүктемесінің артып келе жатқанын ғана емес, қаржылық тәуекелдің де күшейгенін көрсетеді.
Сарапшылардың пайымынша, мәселенің түп-төркінін тек қаржылық сауаттың төмендігінен іздеу жеткіліксіз. Жастарды қарызға итермелейтін факторлар әлдеқайда күрделі. Олардың қатарында табыс деңгейінің өмір сүру құнынан төмен болуы, инфляциялық қысым, әлеуметтік желілер қалыптастырған тұтынушылық психология, онлайн несиенің шамадан тыс қолжетімділігі және қысқа уақытта жоғары өмір сапасына қол жеткізуге деген ұмтылыс бар.
Қарыз көбейген сайын жас адамның қаржылық еркіндігі тарылып, отбасы бюджетіне түсетін жүктеме ауырлай түседі. Соның салдарынан баспана сатып алу, сапалы білім алу, кәсіп бастау немесе қаржылық қор қалыптастыру сияқты ұзақ мерзімді мақсаттар кейінге ысырылады. Ал уақытша шешім ретінде алынған несие біртіндеп тұрақты қаржылық тәуелділікке ұласуы мүмкін.
Қаржыгер Мақсат Халық "Әлеуметтік желі қалыптастырған өмір салты несиеге сұранысты күшейтіп отыр" дейді.
– Жастардың несиеге жиі жүгінуін тек қаржылық сауаттың жеткіліксіздігімен түсіндіру мәселенің ауқымын тарылтады. Негізгі себептердің бірі – жастардың өмірден күтетін деңгейі мен нақты табысының арасындағы алшақтықтың ұлғаюы. Әлеуметтік желілерде қымбат автокөлік, брендтік киім, соңғы үлгідегі смартфон, шетелдік саяхат пен жайлы өмір үздіксіз насихатталады. Осындай контентті күн сайын көрген адам уақыт өте келе мұндай өмір салтын ерекшелік емес, қалыпты құбылыс ретінде қабылдай бастайды. Алайда нақты өмірдегі табыс бұл талаптарға әрдайым сай келе бермейді. Нәтижесінде қаржылық мүмкіндік пен тұтынушылық қалаудың арасындағы айырмашылықты несие толтырады. Осылайша жас азамат қолындағы қаражатқа емес, болашақта табамын деп үміттенетін кіріске сүйеніп өмір сүре бастайды, – дейді Мақсат Халық.
Расын айту керек, қарыз алудың бұрын-соңды болмаған деңгейде жеңілдеуі де бұл үрдісті күшейтті. Бұрын несие рәсімдеу бірнеше күнге созылатын, түрлі құжаттарды талап ететін процесс болса, бүгінде бірнеше минуттың ішінде смартфон арқылы микрокредит алуға мүмкіндік бар. Қарызға қол жеткізу қаншалықты оңайлаған сайын, оның салдарын бағалау да соншалықты кейінге ысырылып келеді. Соның нәтижесінде несие төтенше жағдайда қолданылатын қаржылық тетік емес, кез келген мәселені жедел шешудің үйреншікті амалына айналып барады.
Қоғамның қарызға деген көзқарасы да елеулі өзгеріске ұшырады. Бұрын несие қаржылық тығырықтан шығудың соңғы мүмкіндігі саналса, бүгінде ол көптеген отбасының ай сайынғы тұрақты шығынына айналды. Бұл жағдай адамдардың жаңа міндеттемелерге бейқам қарауына, өз қаржылық мүмкіндігін асыра бағалауына алып келеді.
Әлеуметтік желінің психологиялық ықпалын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Егер бұрын адам өзін жақын ортасымен салыстырса, бүгінде ол әлемнің түкпір-түкпіріндегі танымал әрі ауқатты адамдардың өмірімен салыстырады. Үздіксіз көрсетілетін мінсіз өмір көріністері шынайы мүмкіндіктерге деген қанағат сезімін әлсіретіп, тез жетістікке жетуге деген ұмтылысты күшейтеді. Ал бұл ұмтылыстың қаржылық мүмкіндігі жеткіліксіз болған жағдайда, оның орнын тағы да несие басады.
Сондықтан жастардың қарызға тәуелділігін тек жеке жауапсыздықтың салдары ретінде бағалау мәселенің мәнін толық ашпайды. Бұл құбылысқа экономикалық жағдай, өмір сүру құнының өсуі, әлеуметтік желілер қалыптастырған тұтынушылық қысым, цифрлық қаржы қызметтерінің қолжетімділігі және қаржылық жоспарлау мәдениетінің жеткіліксіздігі қатар әсер етеді. Мәселенің шешімі несиені шектеуде емес, қаржылық ойлау мәдениетін қалыптастыруда жатыр.
Қарттарымыз алаяқтардың оңай олжасы айналды...
Ал, жастардың несиелік тарихын қозғап болсақ, қарттарымыздың қаржылық алаяқтарға алданып қалуының көптігін сөз етейік. Ашығын айту қажет, егде жасқа келген азамат-азаматшаларымыздың телефонның тұтқасын көтеріп жауап берген сәтінен-ақ әккі алаяқтың арбауына түсіп жатқанын көзіміз көріп жүр. Бұл тұрғыда қандай шаралар қолданылуда? Елімізде сақтық шаралары мен алдын алу жұмыстары қаншалықты деңгейде жалғасуда? Бірге білейік.
Қаржылық алаяқтықтың құрбанына айналатындардың басым бөлігі – егде жастағы азаматтар. Телефон арқылы психологиялық қысым көрсетіп, өзін құқық қорғау органдарының немесе банк қызметкерінің атынан таныстыратын алаяқтар зейнеткерлерді ірі көлемде несие рәсімдеуге және алған қаражатты бөтен есепшоттарға аударуға көндіретін жағдайлар аз емес.
Алаяқтар қарт адамдарды кездейсоқ таңдаған жоқ. Олар ең осал аудиторияның психологиясын жақсы зерттеген. Онымен қоса, зейнеткерлердің көбі цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына ілесе алған жоқ. Онлайн банкингтің мүмкіндігін толық меңгермеген, интернеттегі қауіпсіздік ережелерін жете білмейді. Есесіне олар телефон арқылы өзін полиция қызметкері, банк менеджері немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстырған адамға сенуге бейім.
Бүгінде қылмыскерлер бұрынғыдай банк картасының мәліметін сұрап қана қоймайды. Керісінше, кәсіби психологиялық қысым көрсетеді. Әңгімесін үрейден бастайды: "Сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр", "Ақшаңызды қазір басқа есепшотқа аудармасаңыз, жоғалтып аласыз", т.с.с. Осындай сөздерді естіген егде жастағы адамның байыппен ойлануға мүмкіндігі болмайды. Ол қорқыныштың жетегінде әрекет етеді. Дәл осы сәтте қаржылық алаяқтық техникалық шабуылдан психологиялық манипуляцияға айналады.
Соңғы жылдары мұндай қылмыстардың сипаты да өзгерді. Егер бұрын алаяқтар бөтен адамның банк картасына қол жеткізуге тырысса, бүгінде олар жәбірленушінің өз қолымен несие рәсімдетіп, ақшаны өз еркімен аудартуға дейін жетті. Бұл – алаяқтықтың жаңа әрі қауіпті деңгейі. Қылмыскер ақша ұрламайды, адамды өз ақшасын өзі беруге көндіреді.
Осыған байланысты заңнамаға да бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді 65 жастан асқан азаматтар несие рәсімдеу үшін банк бөлімшесіне жеке өзі баруға міндетті. Бұл талап кездейсоқ қабылданған жоқ. Оның мақсаты – телефон арқылы қысым көрсетіп, егде жастағы адамдардың ірі көлемде несие алуға көндіретін алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қою. Қаржылық шешімді адамның өз еркімен, ешқандай сыртқы ықпалсыз қабылдағанына көз жеткізу – осы өзгерістің басты мәні.
Бүгінгі күні зейнеткерді алаяқтан қорғайтын ең сенімді қалқан – оның қаржылық білімі. Қоғам қаржылық сауаттылықты әлі күнге дейін табысты көбейтудің құралы ретінде қабылдайды. Шын мәнінде, оның ең маңызды қызметі – қолдағы қаражатты сақтап қалу. Өйткені ақша табу қиын. Ал оны бір телефон қоңырауымен жоғалту әлдеқайда оңай.
Зейнеткерлердің алаяқтардың құрбаны болуы – олардың аңғалдығының емес, қоғамның цифрлық және қаржылық қауіпсіздік мәдениетінің әлі де толық қалыптаспағанының көрінісі.
Біз қарттардың сақ болуын талап етеміз. Бірақ оларды сол қауіптен қорғайтын білімді уақытында бере алдық па? Нағыз жауап беруді қажет ететін сұрақ – осы.