Қашағаннан тәулігіне 75 мың баррель мұнай өндірілуде

934

Қашағаннан тәулігіне 75 мың баррель мұнай өндірілуде

Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы кен орны – Қашағаннан мұнай өндіріле бастады. Қазіргі уақытта мұнда тәулігіне 75 мыңнан астам баррель мұнай коммерциялық деңгейде өндірілуде. Алдағы уақытта мұнай өндірудің деңгейі арттырылып, тәулігіне 180 мың баррель деңгейіне тұрақтандыру көзделіп отыр, деп жазады egemen.kz.

Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін 1 млн тонна мұнай және 680 млн текше метрге жуық газ, ал 2017 жылы – 8,9 млн. тонна мұнай және 5,6 млрд. текше метр газ өндіру жоспарлануда. Бұдан кейін  жылына 13 млн.тонна мұнай және 9 млрд текше метрге дейін газ өндіруді арттыру жоспары бар.

Қашағанды игерудің нәтижесінде әлемдік стандарттарға сай келетін отандық теңіз сервистік инфрақұрылымы қалыптасты. Шлюмберже, Сименс, Энерджи Вуд Групп, Сайпем секілді халықаралық компаниялар өз білімдері, технологиялары және тәжірибелерімен  70-ге жуық бірлескен компаниялардың құрылуына әріптестік танытты.

Қазіргі кезде Қашаған жобасында Қазақстан иелігіндегі үлесі 50%-дан астам 274 компания жұмыс жасайды. 180 аса қазақстандық компания оқудан өтіп, халықаралық стандарттар бойынша сертификатталды.

Қашаған жобасына байланысты құрылған консорциум Маңғыстау және Атырау облыстарының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына 500 млн. АҚШ долларынан астам қаражат бөлді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу