Кәсібін дамытқысы келетіндер микроқаржылық ұйымнан кредит ала алады

1220

Несие 6%-бен 5 жылға беріледі.  

Кәсібін дамытқысы келетіндер микроқаржылық ұйымнан кредит ала алады

"Бастау Бизнес" жобасының түлектері микроқаржылық ұйымдардан кредит ала алады. Бұл туралы "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздің барлық өңірінде микроқаржы ұйымын құрып жатыр.

"Бұл бізге адамдарды оқытуға, қаржыландыруға және "Бастау бизнес" түлектерінің жобасын сүйемелдеуге мүмкіндік береді. Аталған жоба Жұмыспен қамту жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Биыл жол картасы аясында 22,5 млрд теңге көзделіп отыр. Бұл қаржымен "Бастау Бизнес" жобасының 5 мыңнан аса тыңдаушысы қамтылады", - деді басқарма төрағасының бірінші орынбасары ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Нариман Әбілшайықов аталған ұйымның негізгі мақсаты "Бастау Бизнес" түлектеріне кәсібін дамытуға мүмкіндік беру екенін атап өтті.

"Осыған байланысты біз микроқаржылық ұйымды ашып отырмыз. Бұл ұйым тек түлектерімізді қаржыландырады. Кредитті NEED санатындағы жастар, көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, еңбекке қабілетті мүгедектер және қандастар", - деді басшы.

Ол 2016-2020 жылдары "Бастау Бизнес" бағдарламасын тәмамдаған түлектер "Атамекен" ҰКП-ның өңірлік палатасына барып, кредит алуға өтініш бере алатынын атап өтті.

Сондай-ақ Микроқаржыландыру және жобаларды сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Ринат Кемешов микрокредит алуға өтініш беру 15 шілдеде басталғанын жеткізді.

"Бүгінде бізге жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге 600-ден аса өтініш түсті.

Ауыл тұрғындарына 7 млн теңге, қала тұрғындарына 18 млн теңге

кредит бере аламыз. Шымкент, Атырау, Ақтау елді мекендерінде 23 млн теңге көлемінде кредит беруді қарастырып отырмыз.  Кредит 6%-бен 5 жылға беріледі", -  деді директордың орынбасары.

Ринат Кемешов фермерлерге шағын кредит 7 жылға дейін берілетінін айтты.

"Ауыл шаруашылығы, жемшөп өндірісіндегі шаруа қожалықтарына 1 жылға дейін жеңілдік те бар. Екінші деңгейлі банктерге қарағанда біздің шарттарымыз тиімді. Мысалы, біз салынғанына 50 жыл болған үйді кепілзат ретінде қабылдаймыз. Кредиттің қарастырылатын уақыты 11 күн", - деді басшы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу