Кәсіпкерлер ақшасын қай банкте сақтағанды жөн көреді

723

Бір айда тек 9 банк корпоративті депозит көлемін арттыра алған.

Кәсіпкерлер ақшасын қай банкте сақтағанды жөн көреді

2021 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша заңды тұлғалардың салымдары бір айда 0,5%-ға немесе 12,05 трлн теңгеге дейін қысқарды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстандағы 22 екінші деңгейлі банктің тоғызы ғана оң нәтиже көрсеткен.

Топтағы абсолют көшбасшы – Jusan Bank: плюс 34,9%, 633,2 млрд теңге. Қаржы институтының барлық салымының жиынтық портфелі бір айда 14,8%-ға немесе 1,07 трлн теңгеге дейін өскен. Банк салымдарының портфелі тұтастай тепе-тең: бизнес депозитінің үлесі 59,3%, қалғаны бөлшек саудаға тиесілі. 

Сондай-ақ Jusan Bank ықпал ету аясын кеңейтіп жатыр. Мысалы, биыл 6 қыркүйекте Jusan Bank АТФБанкті өзіне қосу процесін аяқтады, ал 17 қыркүйекте Jusan тобы ресейлік АТБ – Азия-Тынық мұхиты банкінің 100% акциясын, кейін Kcell-дің бақыланбайтын акция пакетін сатып алды. Осылайша, банк клиенттерінің арасында бедел жинап, корпоративті секторда да, халық арасында да қаржы институтына деген сенімді арттырды.

Үздік үштікке айлық өсім бойынша Al Hilal Ислам Банкі (плюс 28%, 16,7 млрд теңге) және Шинхан Банк Қазақстан (плюс 19,2%, 50,3 млрд теңге) енді. 

Корпоративті салымдар сақталған банктердің үздік ондығын қарайтын болсақ, мұнда көшбасшы тізіміне ForteBank (плюс 7,8%, 1,04 трлн теңге) және Сбербанк (плюс 5,3%, 1,49 трлн теңге) кіреді.

Жыл басынан бері қазақстандық банктердегі бизнес салымдары 13,5%-ға, ал бір жылда (2020 жылғы тамыз айымен салыстырғанда) 21,9%-ға өскен.

Екінші деңгейлі банктердегі салымдардың жиынтық портфеліндегі заңды тұлғалар депозитінің үлесі – 49,2%. Соңғы жылдары көрсеткіш аздап өзгерді. Мәселен, бір жыл бұрын портфельдегі корпоративті салымдардың үлесі – 49,3%, 2019 жылы – 47,5%, 2018 жылы – 48,5% болды. 10 жыл бұрын, 2011 жылғы тамызда бұл көрсеткіш 66% еді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу