Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау күшейеді

697

Азаматтарды қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартуға жол берілмейді. 

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау күшейеді Фото: freepik

Депутаттар пленарлық отырыста Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және  Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Заң жобасында азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейту, қылмыстық процестің бәсекелестігін нығайту, қылмыстық процесті оңтайландыру және "бюрократиясыздандыру" мәселелері қамтылған. 

"Бірінші блок азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Онда келесі шаралар қарастырылған: азаматтарды қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартуды болдырмау; бұзушылықтарды және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз ету үшін істі "пысықтауға" прокурорға қайтару мүмкіндігін болдырмау; кәсіпкерлік субъектілерін ревизиялау және тексеру ісін жүргізуді прокурормен міндетті түрде келісуді белгілеу. 

Сонымен қатар тінту, жеке тінту және алуды жүзеге асыру бойынша санкцияның 10 күндік мерзімін белгілеу; бұрын "қорғалуға құқығы бар куә" ретінде болған адамның айғақтарын дәлел ретінде пайдалануға тыйым салу; адамдардың өліміне байланысты емес аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу мүмкіндігін беру; қорғалуға құқығы бар куәні сараптамаға бастамашылық жасауға құқығы бар адамдар шеңберіне біріктіру мәселелері де бар", - деді заң жобасын таныстырған Әділет министрі Азамат Есқараев.

Ведомство басшысының айтуынша, жазаның мөлшерлес болуын, сондай-ақ бас бостандығынан айырудың баламасын қамтамасыз ету мақсатында кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша еселенген айыппұлдарды енгізу көзделген.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжілісте әкімшілік әділет саласын кеңейтуге қатысты заң жобасы мақұлданғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу