Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысуға 50 мыңға жуық жастан өтініш түскен

794

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысу үшін 49,8 мың жас жүгінді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысуға 50 мыңға жуық жастан өтініш түскен

"Олардың 33,9 мыңға жуығына жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларын көрсетті, оның ішінде 33,5 мың адам жұмысқа орналастырылды. Мәселен, 15,9 мың адам тұрақты жұмысқа орналасса, 17,6 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 1,9 мың адам, жастар практикасы шеңберінде – 5,5 мың адам, қоғамдық жұмыстарда – 9,6 мың адам еңбек етеді, 604 адам "Ұрпақтар келісімшарты" және "Алғашқы жұмыс орны" жобаларының қатысушылары болды. Сонымен қатар онлайн оқытумен 340 адам қамтылды", – деп жазылған баспасөз қызметінің хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, "Жастар практикасы" және "Алғашқы жұмыс орны" жобаларына қатысу мерзімі тиісінше 12 айға дейін және 18 айға дейін, қатысушылардың жалақысын субсидиялау мөлшері – 30 АЕК-ке дейін, сондай-ақ бизнес-бастамаларды іске асыру үшін гранттар мөлшері 2 есе – 400 АЕК-ке (1,2 млн теңге) дейін ұлғайтылған болатын.

Биылғы жылы жастар арасынан ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 10 мың қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Тағы 10 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін көзделген (атаулы әлеуметтік көмек алушылар; көпбалалы отбасылардың мүшелері – көпбалалы бойынша жәрдемақы алушы және (немесе) оның жұбайы (зайыбы); оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныс аударушылар; қандастар; мүгедектігі бар бала (балалар) тәрбиелеп отырған отбасы мүшелері; мүгедектігі бар адамдар).

Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде 2 млн-нан астам жас (15-28 жас) экономикалық белсенді санатында, оның ішінде 1 млн 985,8 мың адам немесе 96,2%-ы жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамтылған жастар арасында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 420,7 мың адамды немесе 21,2%-ды, жалдамалы қызметкерлер саны – 1 млн 565,1 мың адамды немесе 78,8%-ды құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу