Кәсіпорындар 3,5 мың жұмысшының еңбекақысын бермей келген

1059

Кәсіпорындар 3,5 мың жұмысшының еңбекақысын бермей келген

Биыл Өскеменде 270 кәсіпорын өз жұмысшыларына еңбекақы бойынша берешек болған. Осылайша облыста 3500 жұмысшы жалақыларын уақтылы ала алмай келген, деп хабарлайды Altaynews.kz.

2017 жылдың 10 айындағы жалпы қарыз сомасы 538 миллион теңгеге жеткен. Осыған байланысты 400-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Жұмысшылар алдындағы қарыз әсіресе тау-кен, өңдеу және құрылыс компанияларында белең алған. Көбінесе еңбекақы кәсіпорындардың қаржылық жағдайына байланысты кешіктіріліп отырған, - деді ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқарма басшысының орынбасары Қайрат Абылқайыров өз сөзінде.

Инспекцияның прокуратура және облыстық әкімдікпен бірлесе атқарған кешенді шараларының арқасында 267 мекемеде жалпы сомасы 450 миллон теңге қарыз қайтарылды. 3100 жұмысшы еңбекақыларына қол жеткізді. Бүгінгі күні қалған кәсіпорындардың берешек сомасы жалпы 84 миллион теңгені құрап тұр.

"2016-шы жылдың қараша айынан бастап еңбекақыны төлемеуге байланысты мемлекеттік инспекторлардың ұйғарымы сотта қаралмайтын болған. Өйткені инспектор еңбекақы берешегі бойынша берілген арызда үшінші тұлға болып тұр. Оның үстіне прокуратура бойынша жаңа заңда осы жылдың маусымынан бастап прокуратура жұмыс ұсынушыға, еңбекақыны уақтылы төлеуді міндеттейтін ұйғарым жібере алмайды. Мінекей, осы себепті біз мемлекеттік инспекторлар ұйғарымын орындау құжаттарының тізіміне қосуды сұрап, прокуратурамен бірлесе отырып министрлікке хат жолдадық", -деді Қайрат Әбілқайыров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу