Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін осы айда іске қосу жоспарланған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Келесі бағыт – заманауи телеком-инфрақұрылымды дамыту. Негізгі жобалар бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Транс-Каспий талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша Əзербайжанның Сумгаит жағалауынан Ақтауға дейін 390 шақырым кабель төселді. Желіні осы айда іске қосу жоспарланған", – деді Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында.
20-дан астам қалада 5G желісінің 4 мыңнан астам базалық станциясы орнатылған. Beeline жəне Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп, Direct-to-Cell технологиясы іске қосылған.
"Ол спутник пен смартфон арасындағы тікелей байланыс арқылы елдің кез келген нүктесінде хабарлама жіберуге жəне интернеттің базалық қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді. Технология Android-та қолжетімді, ал iOS бойынша жұмыс жалғасуда", – деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан 2029 жылға дейін KazSat-3R спутнигін жасауды көздеп отырғанын жазғанбыз.