Каспий құбыр желісіне қатысты арандатушы пікірлерге құқықтық баға берілуде

376

Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Берік Асылов жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Каспий құбыр желісіне қатысты арандатушы пікірлерге құқықтық баға берілуде Фото: 7kun.kz

Каспий құбыр желісі консорциумына қатысты оқиғалар аясында қоғамдық кеңістікте тараған арандатушы және жағымсыз пікірлер бойынша құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Бас прокурордың мәліметінше, 2025 жылғы 17 желтоқсанда Астана қалалық полиция департаменті аталған инфрақұрылымдық нысанға келтірілген залалға байланысты азаматтардың жария түрде жағымсыз пікір білдіру фактілері бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастаған.

Тергеп-тексеру аясында күдікті тұлғаларды анықтау, олардың әрекеттерін дәлелдейтін материалдарды жинау және құқықтық сараптама жүргізу шаралары қолға алынған. Жиналған деректердің нәтижесіне қарай процестік шешім қабылданатыны айтылды.

Сонымен қатар Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде заңсыз контент пен жалған ақпарат таратуға жол берілмейтінін еске салған. Мұндай әрекеттер үшін қылмыстық әрі әкімшілік жауапкершілік көзделгені жөнінде арнайы баспасөз хабарламасы да жарияланған.

Берік Асыловтың айтуынша, өңірлік прокурорлар халық арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі масс-медиа арқылы құқықтық түсіндіруді күшейткен.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Бас прокурорға жолдаған сауалында Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық нысандарға қарсы ашық түрде шақыру жасаған азаматтардың әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу