Оның себебін Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2024 жылы Каспий теңізінің тартылу себептері мен салдарын зерттеу мақсатында Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылған. 6 желтоқсанда ол Экология министрлігінің қарамағына берілді.
Қазіргі уақытта институттың құжаттары Маңғыстау облысының әділет органдарында тіркеуде, алайда қаржыландыру мәселесі толық шешілмеген.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қаржы министрлігіне 2025 жылға Үкімет резервінен 1,8 млрд теңге бөлу туралы өтініш жолдаған.
"Біз Үкімет шешімін күтіп отырмыз. Қаржыландырусыз институт негізгі міндетін – Каспий теңізінің жағдайына кешенді мониторинг жүргізу мен ғылыми талдау жасау – орындай алмайды", – деп атап өтті вице-министр Мансұр Ошурбаев.
"Қазгидромет" мәліметінше, Каспий теңізінің деңгейі төмендеуді жалғастыруда. 2050 жылға қарай ол минус 33 метрге дейін түсуі мүмкін. Бұл экожүйе мен теңіз шаруашылығына үлкен қатер төндіреді.
Тарихи деректерге сәйкес, минус 28,5 метр деңгейі қазірдің өзінде сындарлы шек болып саналады.