Каспий теңізінде үрлемелі матраспен бір түн өткізген үш қыз аман-есен табылды

411

Олар жағадан 22 шақырым алыстап кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Каспий теңізінде үрлемелі матраспен бір түн өткізген үш қыз аман-есен табылды Фото: Ашық дерек көздерінен

Үш қызды "Қазақтеңізкөлікфлоты" ЖШС "Сұңқар" кемесінің экипаж мүшелері тапты. Құтқару операциясының егжей-тегжейін мамандар айтып өтті.

Каспий теңізінде серуендеуге деген құштарлық үш қызға ұмытылмастай сабақ берді. Ақтаудан 51 шақырым жерде жағалауда демалып, одан үрмелі матраспен көк айдынға шыққан арулар жағаға уақытында бұрылмады. Салдарынан үрлемелі матрасты толқындар алып кеткен.

"Оқиғадан 30 миль қашықтықтағы Ақтау портында жүк тиеу кезегін күтіп тұрған "Сұңқар" кемесі болды. Кеме капитаны Никитин Иван зәкірді шұғыл түрде шешіп, оқиға орнына жетуге бұйрық берді. Шамамен 2,5-3 сағатта діттеген жерге жетті. 25 шілдеде таңғы сағат 06:45-те жағадан 22 шақырым қашықтықта іздестіру - құтқару операциялары барысында "Сұңқар" кемесінің экипажы 2006 жылы туған екі қызды және 2004 жылы туған бір қызды тауып, құтқарды", - деп хабарлады "Қазақтеңізкөлікфлот" қызметкерлері.

Қыздар үрлемелі матраста толқындар арасында 9 сағаттан астам уақыт өткізді. Оларды жағадан шамамен 22 шақырым жерге алып кетті. Іздеу жұмыстары кезінде қараңғыда толқындар мен желден қиындық туындаған. Қыздар құтқарылып, кемеге көтерілгеннен кейін алғашқы медициналық көмек көрсетілді. "Сұңқар" кемесінің экипажына көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірілді. Енді экипажды наградаларға ұсыну жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Маңғыстауда үш қызды үрмелі матраста теңізге алып кеткені хабарланған болатын. Іздеуге тікұшақ қосылды. Үш қыздың оқиғасы Маңғыстауда алғаш рет болған жоқ. 2017 жылы Каспий теңізінде ер адам үш тәулікке жуық ашық теңізде "Зил" көлігінің камерасында отырды. Оны Иран кемесінің экипаж мүшелері судан шығаруға көмектескен еді.                                                                                                                                                                           

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу