Каспий теңізінің тазалығы ерекше бақылауға алынады

1017

Сенатта Мәжіліс мақұлдаған "Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Каспий теңізінің тазалығы ерекше бақылауға алынады

Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенция 2003 жылы қабылданды. Құжат туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов: "Каспий теңізінде көмірсутек шикізатының ірі қорларының болуы су айдынының экологиясы мен биоресурстарын сақтау туралы мәселені өзектендіреді. Хаттаманың негізгі мақсаты – Каспий теңізінің экологиялық таза теңіз ортасына қол жеткізу және сол қалпында сақтау үшін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызметтерден теңіз ортасының ластануын болдырмау, бәсеңдету, бақылау және барынша мүмкін болатын апатты жою", – деді.

Министрдің мәлімдеуінше, хаттама ең озық қолжетімді технологияларды және табиғат қорғау практикасын пайдалану, оларды теңіз акваториясында немесе оның жағалау аймағында тапсыру кезінде шаруашылық қызметті жүзеге асыруды көздейді. Бұған қоса Каспий теңізінің теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарының физикалық, биологиялық және химиялық сипаттамалары туралы, оның ішінде теңіз акваториясына жерүсті көздерінен ластаушы заттардың түсу көлемі туралы дерек базасын құру және жүргізуді мақсат тұтады. Құжатқа сәйкес Каспийдің теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарының жай-күйіне, оның жағалау жиегі бойындағы теңіздің ластану деңгейіне тұрақты бағалау жүргізіледі. 

"Хаттама бойынша теңіз ортасына әсер етуі мүмкін қызмет түрлерінің тізбесі, сондай-ақ елеулі трансшекаралық әсерді айқындауға ықпал ететін критерий айқындалған. Конвенцияға сәйкес, тараптар өздерінің ұлттық заңнамасы бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалауды қоса алғанда, Каспий теңізінің теңіз ортасын және жағалау маңындағы аудандарын ластанудан қорғау үшін қажетті іс-шараларға жергілікті билік органдары мен жұртшылықтың қатысуына ықпал етеді", – деді Серікқали Брекешев. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу