Мұндай статистикалық деректі Мемлекет басшысы мысалға келтірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақордада өткен салтанатты жиында Президент қазіргі уақытта осы бағытта атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталып өтті.
– Cоңғы 6 жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артты. Бұл Қарағанды облысы сияқты өндірісі өркендеген аймақтың бір жылдағы қуат тұтыну көлемімен бірдей. Қазіргі кезде Қазақстанның электр энергетикасы жүйесіне жалпы қуаты 25 гигаваттан асатын 237 электр станциясы кіреді. Ал іс жүзінде қолданыстағы жалпы қуат көлемі – 21 гигаватт, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еліміздегі 9 жылу электр орталығы тәуекелдің "қызыл" аймағынан шыққан, сондай-ақ 3 станция "жасыл" аймаққа өтіп отыр.
– Мемлекет жүргізіп отырған жүйелі шаралардың арқасында энергия нысандары мен инженерлік-коммуналдық желілердің орнықтылығы айтарлықтай күшейді. Өткен жылғы жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарды, – деді Мемлекет басшысы.