Мемлекет басшысы еліміздегі жоғары білім мен ғылым саласын қаржыландыру мәселесіне де тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстандағы 132 жоғары оқу орнында 800 мыңнан астам студент білім алып жатыр.
– Білімге негізделген экономика құру азаматтарымыздың ұзақмерзімді конституциялық міндетіне айналды. Қазіргі және одан кейінгі үкіметтер оны тиісті деңгейде орындауы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жеті жылда білім беру гранттарына бөлінген қаражат көлемі екі есе көбейіп, 3,4 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Сондай-ақ студенттер тарапынан артып келе жатқан сұранысты өтеу үшін елімізде 281 жатақхана салынған.
– Бұл шаруа алдағы уақытта да жалғасады. Бұдан бөлек, соңғы жылдары еліміздегі ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайып, 590 миллион долларға жетті, – деді Президент.