Қасым-Жомарт Тоқаев ірі жобаларға қатысты жұмыстардың орындалуын қатаң бақылауында ұстайды

Жыл соңына дейін Қызылорда – Жезқазған автожолының Ұлытау облысындағы бөлігі толық пайдалануға берілмек.   

Қасым-Жомарт Тоқаев ірі жобаларға қатысты жұмыстардың орындалуын қатаң бақылауында ұстайды

Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Бұл, біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түседі. Екіншіден, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсартады. Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар бастау алады. 

– "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта төрт жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады. Қазіргі жолдың көбі облыстардың ішкі жолы болып қала береді. Сондай-ақ, мен былтырғы Жолдауымда "Бейнеу – Сексеуіл" жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң "Орта дәліздің" қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни, Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады, – деп нақтылай түсті Мемлекет басшысы.

Президент Қарағанды – Жезқазған бағытындағы жолдың талай жылдан бері тозып тұрғанын айтып өтті. 

– Биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салуға кірісеміз. Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақ ету жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Сарыағаш маңындағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан, осы жылы "Сарыағаш айналма жолының" құрылысы қолға алынады. Барлық жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі, бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі, – деп сөзін қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу