Мемлекет басшысы кадр тапшылығы, әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ІТ саласында байқалатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қазіргі уақытта еліміздегі 763 колледжде 500 мыңнан аса студент оқиды. Ерте бастан кәсіптік бағдарлауға және дуальді оқытуға ерекше назар аударылып отыр. Қажетті машықтарды меңгерген, алайда салалық дипломы жоқ адамдар кәсіби біліктілікті тануға арналған 22 орталықта өз құзыретін растай алады.
Астанада жүзеге асырылып жатқан "Joltap" жобасын айрықша атап өткім келеді. Бұл – бизнестің тікелей қатысуымен жұмысшы және цифрлық сала мамандарын, атап айтқанда, тігінші мен дәнекерлеушіден бастап веб-әзірлеуші мен дизайнерге дейін даярлайтын қысқа мерзімді оқыту моделі.
Үш жыл ішінде 22 мыңнан аса адам білім алып, 60 пайызы жұмысқа орналасты, екі мыңға жуық жан жеке кәсібін ашты. Осы табысты тәжірибені барлық өңірге тарату қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әр азаматтың өмірде өз орнын тауып, отбасын адал еңбекпен асырауына және Отанына пайдасын тигізуге жағдай жасауды ортақ міндет деп санайды.