Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президенті Никос Христодулидисті I дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Кипр Қазақстанның Еуропа одағындағы мүддесін ілгерілетуге әрдайым дайын екенін айтқан еді. Содан бері көп жұмыс атқарылды. Екі мемлекеттің елшіліктері ашылды. Осылайша өзара қарым-қатынасымыз жолға қойылды. Қадірлі Президент мырзаның Астанаға тұңғыш сапары екі ел арасындағы алғашқы тікелей әуе рейсінің ашылуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның да символдық мәні зор. Біз мемлекеттеріміздің ықпалдастығын одан әрі бекемдей түсуге ниеттіміз. Бұл баршамыздың мүддемізге сай келеді", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, Кипр республикасының басшысы осы оң үрдіске зор үлес қосып келеді.
"Мен мұны жоғары бағалаймын. Сол себепті бүгін Жоғары Мәртебелі Президент Никос Христодулидис мырзаға I дәрежелі "Достық" орденін тапсырдым. Бұл – награда Қазақ елінің Сізге және бүкіл Кипр Республикасының халқына деген ерекше құрметінің, шынайы ілтипатының белгісі", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан және Кипр президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізгенін жазғанбыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін Тәуелсіздік сарайында қарсы алды.