Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Республикасы Сенатының Маршалы Малгожата Кидава-Блоньскамен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту және қос елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланысты кеңейту мәселелері талқыланды.
"Әлемдегі экономикасы ірі елдердің жиырмалығына енетін Польшамен ықпалдастықты ілгерілетуге ерекше мән береміз. Мемлекеттеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бері шынайы достық байланыстар қалыптасты. Парламентаралық диалог жоспарлы әрі табысты түрде дамып келеді", – деді Мемлекет басшысы.
Әңгімелесу барысында тарихи тамырластыққа айрықша назар аударылды. Президент көрнекті поляк этнографы Адольф Янушкевичтің қазақ тарихын, тұрмысы мен мәдениетін зерттеуге зор үлес қосқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, Польша Президенті Кароль Навроцкийге және Премьер-министр Дональд Тускке ыстық ықыласын жолдады.