"Қателіктерден сабақ алмайды": Мемлекеттік органдар сынға ұшырады

378

Қазақстан электр, жылу, су өндіру және жеткізу қуатының тапшылығын сезініп отыр. 

"Қателіктерден сабақ алмайды": Мемлекеттік органдар сынға ұшырады Фото: total.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдету керек. Елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйе үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі міндетінің бірі. Алайда, жыл сайын жылыту маусымында сол бір проблемалар қайталана береді. Мемлекеттік органдар қателіктер мен олқылықтардан сабақ алмайды", - деді Президент.

Оның сөзінше, салдарынан бұл сала қазіргі мүшкіл халге жетіп отыр.

Президент Алматыдағы екінші жылу электр орталығындағы бу-газ қондырғысының құрылысы созылып кеткенін баса айтты.

"Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің энергоблогын қалпына келтіре алмай жүргенімізге он жылдан асты (2012 жылдан бері). Сондай-ақ Екібастұздағы екінші ГРЭС-ті кеңейту және күрделі жөндеу жобасы уақтылы жүзеге асырылмай жатыр. Үкімет, ең алдымен, биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға тиіс. Сонымен қатар қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету керек. Белгіленген мерзімді шегеруге болмайды. Жалпы, еліміз электр, жылу, су өндіру және жеткізу қуатының тапшылығын сезініп отырғаны жасырын емес. Балқаш жылу электр орталығы құрылысының аяқталмай қалуы, табиғи монополия субъектілерінің ашық жұмыс істемеуі, сондай-ақ тарифтердің өсімін қолдан тежеу – осының бәрі кезінде жіберілген қателіктердің салдары", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Тоқаев салаға түбегейлі реформа жүргізуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу