Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онкологияға қарсы отандық DVC препаратының құны қанша болуы мүмкін деген сауалға пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер "DVC препараты қаншалықты арзан? Бағасы қазақстандықтарға қаншалықты қолжетімді болады? Ол қатерлі ісіктің барлық түрін емдей ала ма?" деп сұрады.
"Шын мәнінде де, бұл дәрі-дәрмектің ішінара компоненттері өте арзан. Бір препараттың дайындалуы, ішінара құндылығы 15-16 мың теңгені құрайды. Біз қазір қышқылды шетелден сатып аламыз, глюкозаны өзіміз шығарамыз. Қышқылды өзіміз шығарған жағдайда (дәрінің құнын) 10-12 мың теңгеге дейін де жеткізуге болады. Сондықтан өте арзан. Сапасы жағына келсек, клиникалық нәтижелер бойынша ішкі мүшелермен байланысты жаман аурудың түрлеріне жақсы әсер ететіні белгілі болды", – деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Оның сөзінше, қазіргі таңда клиникалық сынақтың екінші кезеңі Астанада басталып жатыр.
"Препараттың ішінара құндылығы 15-20 мың теңгеден аспайды", – деп нақтылады ведомство басшысы.
Айта кету керек, осыдан екі жыл бұрын Саясат Нұрбек елімізде шығарылған қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмекті таныстырған болатын.