Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев үш курорттық аймақтардағы әуежай құрылысы туралы айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Авиация саласын дамытудың үш жылдық бағдарламасы аясында өңірлік әуежайларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы туристік әуежайлардың құрылысы, сондай-ақ Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру аяқталуда. Осы туристік маусымда Зайсан әуежайы алғашқы рейстерді қабылдайды", – деді Көлік министрі.
Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, биыл Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту, Ақтау әуежайының перронын жөндеу және Атырау әуежайы терминалын жаңарту басталады.