"Қауіпсіз жол" шарасы: БҚО-да 4 адам жол апатынан қаза тапты

397

​Батыс Қазақстан облысында 11–19 шілде аралығында өткен "Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы барысында жол қозғалысы ережесін бұзудың 2 757 дерегі тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қауіпсіз жол" шарасы: БҚО-да 4 адам жол апатынан қаза тапты Фото: ЖИ

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 29 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған. Тағы 116 адам жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндесе, 35 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған. Рейд кезінде 365 жүргізушінің көлік жүргізу барысында ұялы телефон пайдаланғаны анықталды.

Сонымен қатар 34 адам қарсы бағытқа шығып кеткен, 41 жүргізуші жолаушыларды заңсыз тасымалдаған. Тағы 471 құқық бұзушылық көліктің техникалық жай-күйіне қатысты болса, 12 жүргізуші мемлекеттік нөмірді жасырған немесе қолдан жасаған. Тексеру нәтижесінде 231 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Іс-шара аясында жол-көлік оқиғалары жиі болатын аумақтарда төрт уақытша бақылау бекеті ұйымдастырылып, жүргізушілерге қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Екі мыңнан астам ақпараттық жадынама таратылды. Жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында өңірде 729 жол белгісі мен екі бағдаршам орнатылып, 20 жаяу жүргіншілер өткелі жарықтандырылды.

Сондай-ақ 10 жерге жасанды жол кедергілері қойылып, бес шақырым көше жарығы тартылды. Республикалық маңызы бар жолдардың екі учаскесінде жарық лазерлері кешені іске қосылды. Соған қарамастан, аталған кезеңде өңірде алты жол-көлік оқиғасы тіркеліп, төрт адам қаза тапты. Тағы тоғыз адам жарақат алған.

Оның ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен бір жол апаты болып, екі жасөспірім зардап шекті.

"Жол-көлік оқиғаларына ұшыраған көлік құралдарының басым бөлігі Қазақстан Республикасында тіркелген. Оң рульді автокөліктер қатыспаған. Тек бір жағдайда Ресей Федерациясының азаматы өз көлігімен жол апатына ұрынған. Барлық жүргізушілердің мас күйінде болмағаны анықталды. Бір жол апатында көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізуші автокөлік айдаған", – деп хабарлады полиция департаменті.

Ведомствоның мәліметінше, республикалық маңызы бар автожолдарда жол қозғалысын бақылау үшін дрондар тұрақты түрде пайдаланылады. Жыл басынан бері ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен жол ережесін бұзудың 41 дерегі анықталған.

Сондай-ақ "Қорғау" ақпараттық жүйесі арқылы биыл 3 213 құқық бұзушы жүргізуші анықталып, жол қозғалысы ережесін үш және одан көп рет бұзған 83 қауіпті жүргізуші есепке алынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу