Қауіпсіздік – басты басымдық: TikTok 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 1,2 млн-нан астам бейнені жойды

378

TikTok сондай-ақ LIVE трансляцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын үздіксіз күшейтуді жалғастыруда.

Қауіпсіздік – басты басымдық: TikTok 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 1,2 млн-нан астам бейнені жойды Фото: vox.com

Қазақстандағы платформа қауымдастығы үшін қауіпсіз цифрлық кеңістік қалыптастыру бейне жасауға және көруге арналған жетекші платформа TikTok үшін негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осыған байланысты компания Қауымдастық ережелерінің сақталуы жөніндегі есептерді тұрақты түрде жариялап, пайдаланушыларды қорғауға және авторларды қолдауға бағытталған шаралар туралы ақпаратпен бөліседі.

TikTok 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы "Қауымдастық ережелерінің сақталуы туралы" есепті жариялады. Онда платформаның пайдаланушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарған жұмысының нәтижелері, сондай-ақ контентті модерациялау тәсілдеріне енгізілген жаңа өзгерістер қамтылған.

Есепке сәйкес, Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында:

• Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін 1,28 миллион бейнеролик жойылды;

• жойылған бейнероликтердің 99,4%-ы платформа тарапынан проактивті түрде, яғни оларға шағым түспей тұрып анықталды және өшірілді;

• Қауымдастық ережелеріне сәйкес келмейтін бейнелердің 95,6%-ы жарияланғаннан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде жойылды.

Осы кезеңде әлем бойынша TikTok:

• Қауымдастық ережелерін бұзған 184 миллионнан астам бейнероликті жойды;

• бұзушылық жағдайларының 99,3%-ын пайдаланушылардың шағымдары түспей тұрып анықтады;

• осындай контенттің 94,4%-ын жарияланғаннан кейінгі алғашқы тәулік ішінде жойды.

Еске салсақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша TikTok Қазақстанда Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін 5,5 миллионнан астам бейнені жойды.

2026 жылы TikTok пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін жетілдіруді және контентті модерациялау барысында жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтуді жалғастыруда. Биылдан бастап TikTok алғаш рет платформадан автоматты түрде жойылған контент статистикасына ЖИ технологияларының көмегімен өшірілген бейнероликтер туралы деректерді енгізді. Қазіргі таңда автоматтандырылған жүйелер, соның ішінде ЖИ технологиялары, платформадағы контентті жоюдың барлық жағдайларының 96%-дан астамын қамтамасыз ете отырып, талаптарға қайшы келетін жарияланымдарды барынша жедел анықтауға мүмкіндік береді.

TikTok сондай-ақ LIVE трансляцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын үздіксіз күшейтуді жалғастыруда. Осы жылдың бірінші тоқсанында платформа әлем бойынша 50,8 миллион тікелей эфирді тоқтатты. Сонымен қатар, сыйақы жүйесінің бірегей әрі сапалы LIVE-контент жасайтын авторларға бағытталуын қамтамасыз ету үшін платформа тікелей эфирлер кезінде табыс табу мүмкіндіктерін реттейтін ережелерді қолдану тетіктерін жетілдіруде. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша платформа TikTok талаптарын бұзғаны үшін 58,2 миллионнан астам тікелей эфирге қатысты авторларға ескерту жасады немесе креаторлардың монетизация құралдарын пайдалану мүмкіндігін шектеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу