Қаза тапқандар бар: Маңғыстау облысында 50 жолаушысы бар автобус аударылды

Мұндай жайсыз хабарды Көлік министрлігі мәлімдеді. 

Қаза тапқандар бар: Маңғыстау облысында 50 жолаушысы бар автобус аударылды Фото: ТЖД

Соңғы ақпараттар бойынша, автобус 2025 жылдың 19 желтоқсанында ғана техникалық байқаудан өткен және "CASPIAN TRANS CORPORATION" LLC компаниясында тіркелген, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

16 қаңтар күні шамамен сағат 01:03-те "Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайөтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау" автомобиль жолының 383-шақырымында Yutong маркалы жолаушылар автобусы жол апатына ұшыраған. 

Болжамды ақпаратта Ақтау қаласынан Бейнеу ауылы бағытында келе жатқан автокөлік жүргізушісі рульді басқара алмағаны айтылады. Жол-көлік оқиғасынан 4 жолаушы қаза тауып, 3 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алған. Олар медициналық мекемелерге жеткізілген. 

– Автобуста барлығы 50 адам болған. Аталған автожол учаскесі техникалық II санатқа жатады. Жол жамылғысы асфальтбетонды, жолдың ені 9 метрді құрайды, жол жамылғысында ақаулар анықталған жоқ. Жол белгілері бекітілген дислокацияға сәйкес толық көлемде орнатылған. Оқиға тәуліктің қараңғы уақытында тіркелген. Жол-көлік оқиғасы кезінде көлік құралын 1985 жылы туған жүргізуші басқарған, – делінген хабарламада.

Болжам бойынша, жол-көлік оқиғасы болған жерден шамамен 200 шақырым бұрын екінші жүргізуші рөлге отырған. Аталған жол-көлік оқиғасы фактісінде Маңғыстау облысы Полиция департаменті барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу