"ҚазАгроҚаржы" "Аграрлық несие корпорациясына" беріледі – Мұрат Дәрібаев

1217

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Бәйтерек" холдингіне еншілес агроөнеркәсіп компанияларын қайта ұйымдастыруға тапсырма берген еді.

"ҚазАгроҚаржы" "Аграрлық несие корпорациясына" беріледі – Мұрат Дәрібаев

2021 жылдың соңына дейін "ҚазАгроҚаржы" АҚ "Аграрлық несие корпорациясына" еншілес компания ретінде беріледі. Бұл туралы "Бәйтерек" холдингінің басқарушы директоры Мұрат Дәрібаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz холдингтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Қазақстан Президенті "Бәйтерекке" еншілес компаниялардың санын 2 есе қысқарту міндетін қойған.

"Аграрлық секторда жұмыс істейтін компаниялар бойынша шағын бизнеске микрокредит беруді жүзеге асыратын "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорын" АҚ "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ға (АНК) қосу жоспарланып отыр. Бұл 
орта және ірі аграрлық жобаларды, сондай-ақ егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған. Осылайша, "Аграрлық несие корпорациясы" бірыңғай салалық кредит беруші ұйым болады", - деді Мұрат Дәрібаев.

Ол аталған өзгерістер фермерлерге жеңілдетілген кредит беру мәселесін шешуге кері әсерін тигізбейтінін атап өтті.

"Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының лизингі бойынша республикадағы ең ірі компания "ҚазАгроҚаржы" АҚ "Бәйтерек" холдингінен "Аграрлық несие корпорациясына" еншілес компания ретінде беріледі. АӨК субъектілеріне банк беретін кредитке кепілдік беру жөніндегі "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" холдингтің басқа еншілес компаниясы – кәсіпкерлік субъектілері үшін банктік кредиттерге кепілдік беруді жүзеге асыратын "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ-ға беріледі", - деді басқарушы директор.

Мұрат Дәрібаев компанияларды қайта ұйымдастыру осы жылдың соңында аяқталатынын айтты.

"Қайта ұйымдастырудың барлық мәселесі "Бәйтерек" холдингінің құзыретіне жатпайтынын атап өту қажет. Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктерінің жекелеген бұйрығына және бірқатар заңға өзгерістер енгізу керек. Нормативтік-құқықтық актілерді уақтылы түзету кезінде қызметкерлерді және кредиттік портфельді аударуды қоса алғанда, компанияларды қайта ұйымдастырудың негізгі процестерін осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр", - деп түйіндеді сөзін басшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу