Герат қаласында Ауғанстан бойынша Қазақстан президентінің арнайы өкілі Еркін Тұқымов бастаған ресми және іскерлік делегациялардың қатысуымен бірқатар іс-шара өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, сапар аясында Еркін Тұқымов Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясының губернаторы Нур Ахмад Исламжармен кездескен.
Тараптар сауда-экономикалық және өңіраралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылап, өңірлердің әлеуеті және іскер топтар арасындағы тікелей өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктері туралы ақпарат алмасқан.
"Қазақстанның мен Ауғанстанның батыс өңірлері арасында сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика салаларында тікелей байланыстар орнатуға бағытталған "West2West" форматын дамытуға ерекше назар аударылды.
Сауда-экономикалық іс-шараларға Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының өкілдері қатысты",– делінген хабарламада.
Сапар аясында "Қазақстан – Ауғанстан: өңіраралық ынтымақтастық" атты бизнес-форум өткен. Форумда өзара сауданы кеңейтудің, кәсіпкерлер арасында тікелей байланыстар орнатудың, өнеркәсіптік кооперация мен көлік-логистикалық байланыстарды дамытудың практикалық мәселелері талқыланған.

Ауғанстан тарапы өнеркәсіп тауарларының, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық түлік көрмесін ұсынды.
Айта кетейік, 2026 жылғы қаңтар-шілде айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 581,1 млн АҚШ долларын құрап, 2,4 есеге өскен еді. Қазақстанның экспорты 572,9 млн долларды құраған.
Оның ішінде:
- ұн – 215,6 млн;
- бидай – 122 млн;
- өсімдік майы – 51,1 млн доллар.
Ауғанстаннан импорт 8,2 млн доллар болған. Салыстыру үшін Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымы 2025 жылы 430 млн долларды құраған.