Қазақ-қырғыз шекарасында жанармай саудасы қызып тұр

665

Қорда 472 тонна бензин бар екен. Ал тасымалдау көлеміне қатысты еш шектеу жоқ.

Қазақ-қырғыз шекарасында жанармай саудасы қызып тұр Фото: Тengrinews.kz/Алихан Сариев

Жергілікті жұрт жанармай құны шарықтай ма деп жүргенде, сұйық отын шекарадағы шетелдіктердің майшелпегіне айналып жатыр. Нақтысы Қордайдағы қазақ-қырғыз шекара бекетінде бензин саудасы қызып тұр. Өйткені көрші елде жанармай бағасы 100 тенгеге  қымбат. Ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланғандар бензинді бөшкелеп болсын әкетіп жатыр. Нұрлан Асқар шекара аумағына арнайы барды. 

Қордайдың шекарасында жанталас. Соңғы 1 аптада мұндағы жұрт ығы-жығы. Елімізде бензин қымбаттайды дегенді естіген айырқалпақты ағайын сұйық отынды мейлінше көп әкетіп жатқандай. 

Қордайдағы қырғыз-қазақ шекарасы құдды қозғалмайтын автотұрақ. Өйткені ұзын-сонар көлік кептелісінен көз сүрінеді. Қызығы бұл маңда жанармай иісі мүңкіп тұр. Себеп - сұйық отынды тасушылар мұнда өз кезегін 2-3 сағаттап тосуға мәжбүр.

Рас. Тонналап тасиды. Бірақ өтемі бар. Өйткені шекараның арғы бетіне өтіп, кемі литрінен 100 тг пайда көреді. Мәселен, Қырғызстанда Аи-92 маркілі бензиннің бір литрі 280 тг-ге жуықтайды. Бұдан кейін пайда жоқ демей көріңіз?

Алтынбай Мұратов Қырғызстан азаматы

"Бір келегнед 100 литр алып кетем.Көп машинамен келгенде бір 200 литр алып кетем. Арғы жақтан өзіміздің орнымыз бар. Жалпы елге сатамыз", - дейді Қырғызстан азаматы Алтынбай Мұратов.

"Қырғызстанда баға өте қымбат. Бұл жерде отбасын баққандар. Кейбірі кредитін жабу үшін жүргендер", - деп түсіндірді Қырғызстан азаматы Айбек Сардарбек.

Кептелісте камераны көріп, лезде жүзін жасырған жүргізушілер көп. Бәрі бекеттің арғы жылдам өтуді көздейді. Сондықтан теміртұлпарға қосымша бак орнатқан. Сыймағанын көліктің артқы салонына тыққан. 

Шекаралық бекетте қауіпсіздік атымен жоқ. Бензин иісі қолқаны қабады. Кәдімді пластикалық құтымен жанармайды көлікпен тасып жүр. 

"Үнемі бензин тасымалданып жатады. Біріншіден біз балаларға толы көлікпен жүреміз. Бұл өте қауіпті. Сосын айналада темекі тұқылы, басқасы жатады. Жарыламыз да қаламыз. Келісесіз бе? Жапа шеккендер табылады", - деп ренішін білдірді Алматы қаласының тұрғыны Наталья Евтушенко.

Қордай ауданында бас-аяғы 42 жанармай бекеті бар. Бәрінде дерлік сауда қазір қызып тұр. Дені қырғыз көліктері. Ал бак аузы-мұрнына толу үшін тіпті дөңгелекті көтеріп, құяды. Бірақ бекет иелері бәрі заңды деуден танбады.

Жанармайды жаппай тасуға тыйым салынбаса, елде сұйық отынға тапшылық туындауы мүмкін. Алайда жергілікті билік олай деуге негіз жоқ дейді. Қорда 472 тонна бензин бар екен. Ал тасымалдау көлеміне қатысты еш шектеу жоқ деп ашық айтты. 

"ЕураЭС дейді ғой. Ол кіргелі бізде граница ашық. Заң бойынша полный бак, бакты толтырып қырғыз азаматтар әрі-бері өте алады", - деді Қордай аудаднық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмас Әлімқожаев.

Есте болса, 4 тәулік бұрын энергетика министрлігі сәуір айында бензин құны 11 пайызға артатынын айтқан болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу