Қазақ тілді комикс жарыққа шықты

1112

Туынды 6 мен 10 жас аралығындағы балаларға арналған.

Қазақ тілді комикс жарыққа шықты Фото: Қанат Сахария

Бүгін Елордада жаңа қазақ тілді комикстің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Туынды 6 мен 10 жас аралығындағы балаларға арналған. Комикс еуропалық тәжірибе негізінде, Қанат Сахарияның продюсерлігімен жарыққа шықты. Онда бүлдіршіндердің цифрлық сауаттылығын арттыруға, интернеттегі қауіпсіздік ережелерін үйретуге маңыз беріліпті. Балғындарға онлайн ортада  қауіпсіздікті үйрету үшін комикске Қайсар есімді кейіпкер енгізілген. Ол супер қаһарман кейпінде балаларға кибербуллингке қарсы тұруға, ақпаратты дұрыс талдауға көмектеседі.

"Әуелде біз балаларға интернеттегі қауіпсіздікті үйретуді бейне сабақтар арқылы жүргізуді ойға алдық. Тағы бірнеше нұсқа болды. Сараптай келе комикс жанрына тоқтадық. Біріншіден, комикске балалардың қызығушылығы жоғары. Оны қабылдау да жеңіл болады. Алдағы уақытта әлеуметтік желілер мен сайттар арқылы комикстердің қолданыс аясын кеңейту жоспарымыз бар", - деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Қанат Сахария.

Комикстің сценарийін жазып, суретін салған отандық жас әрі талантты авторлар  Мәдина Тәжбағамбетова мен Бек-Ата Даниял. Айта кету керек, туындыны құрастыруға Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі қолдау білдірген. Еуропалық комиссия былтыр балаларға арналған цифрлық қызметтерді жақсартудың және әр баланың интернетте қорғалуын қамтамасыз етудің жаңа стратегиясын қабылдаған. Бүгінгі таныстырылым аталған бағдарлама аясында жүзеге асқан жұмыстардың бірі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу