Қазақ тіліндегі контенттің ауқымы мейлінше кең болғаны дұрыс – Президент

Мемлекет басшысы ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт және басқа да өзекті тақырыптар бойынша қазақ тілінде сапалы өнім әзірлеуді тапсырды.

Қазақ тіліндегі контенттің ауқымы мейлінше кең болғаны дұрыс – Президент Фото: pixabay

Әрі осындай жобаларға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсету қажеттігін еске салды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Тілдің болашағы тек сөздік пен оқулыққа байланысты емес. Адам қай тілде ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алса, сол тілдің әлеуеті күшейе түсетіні анық. Сондықтан цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту – аса маңызды міндет.

Әсіресе, қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін ІТ-өнімдер, балалардың тілін дамытуға арналған фильмдер мен ойындар көп болуы қажет. Қазақша ақпараттың аясы, яғни қазіргі тілмен айтсақ, қазақ тіліндегі контенттің ауқымы мейлінше кең болғаны дұрыс.

Ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт және басқа да өзекті тақырыптар бойынша сапалы өнім әзірлеген жөн. Жалпы, осындай жобаларға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсету қажет. Бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын құруға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мұндай маңызды іске "Қазақ тілі" қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы және қоғамның мүшелері зор үлес қосатынына сенеді. 

– Сайып келгенде, тіліміздің болашағына бәріміз бірдей жауаптымыз. Әрқайсымыз қазақ тілінің тұғырын нығайтуға атсалысуымыз керек, – деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу