Алматы мемлекеттік қуыршақ театры Румынияда өткен The Craiova International Shakespeare Festival халықаралық фестиваліне қатысып, Уильям Шекспирдің әйгілі шығармасы негізінде сахналанған "Ромео мен Джульетта" спектаклін ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биылғы фестивальге әлемнің 28 елінен келген 90-нан астам театр ұжымы қатысты. Халықаралық мәдени шарада Қазақстан атынан өнер көрсеткен театр ұжымы көрермендер мен театр мамандарының жоғары бағасына ие болды.
Режиссер Дина Жұмабаева қойған спектакль қазақ тілінде сахналанды. Қойылым аяқталғаннан кейін көрермендер әртістерді ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті.
Спектакльдің хореографы – Анна Цой, ал қоюшы-суретшісі – Юлия Чернова. Бұған дейін аталған қойылым Франция, Канада, Болгария, Ресей, Түркия және Қазақстанда өткен халықаралық театр фестивальдерінде түрлі марапаттарға ие болған.
Крайова қаласындағы сахнада спектакльді Ұлан Адамбаев, Бота Табылдиева, Мақсат Камалов, Шохан Кулназаров, Эльмира Құмарова және Арайлым Байырбекова орындады.
Фестиваль қорытындысы бойынша Алматы мемлекеттік қуыршақ театры 2027 жылы Румынияда өтетін Elvira Godeanu халықаралық театр фестиваліне қатысуға арнайы шақырту алды.