Бин Синь атындағы мемлекеттік әдеби сыйлықтың иегері жайлы бірінші болып Тяньшань ақпараттық порталы жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Портал келтірген деректерден жазушыға әдеби сыйлық "600 шақырым: сапар жолында" атты шығармасына беріліп отырғанын байқаймыз. Жинақтағы эсселерінде автор туған жерге сағыныш, туған-туыстық қарым-қатынас, дала суреті, қазақтың ұлттық тағамдары және қала өмірі жайлы сөз қозғаған.
– Анардың эсселері қазақтың ән-күйлері секілді қоңыр әуезді және жүрекке жылы, өне бойынан көк шалғын мен ақша бұлттың иісі аңқып тұрады, – деп бағалайды қытайлық жазушы, сыншы Лю Лянчэн.
Анар Зинуарбекқызы Іле қазақ автономиялық облысының Күнес ауданында туған. Жазушылықпен 2014 жылдан бері айналысып келеді. Туындылары "Батыс", "Ұлттар әдебиеті" секілді беделді басылымдарда жарияланған.
Мао Дунь және Лу Синь атындағы әдеби сыйлықтармен қатар аталатын Бин Синь – Қытайдың көркем әдебиет саласындағы ең беделді әдеби сыйлықтардың бірі. Ол 2002 жылдан бастап әр екі жыл сайын тұрақты түрде берілуде. Осы жылы байқауға 2023-2024 жылдары басылып шыққан 339 жинақ ұсынылды.