"Қазақмыс" нысандарындағы ұрлық шығынының 94,5 пайызы өтелген

Бұл туралы ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс айтты.  

"Қазақмыс" нысандарындағы ұрлық шығынының 94,5 пайызы өтелген Фото: polisia.kz

Оның сөзінше, өнеркәсіп секторына залал келтіретін ұрлықтарды, көлеңкелі схемаларды және өзге де заңсыз әрекеттерді анықтау мен олардың жолын кесу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Ұлытау облысында өткен жылдан бері полиция "Қазақмыс корпорациясы" аумағынан ұрлық жасаған бірнеше қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде келтірілген шығынның 94,5%-ы өтелді.

Мысалы, жергілікті қылмыстық топтардың жетекшілігімен әрекет еткен қылмыстық топ мүшелері сотталды. Олар құрамында бағалы металдардың мөлшері жоғары кен қорытпаларын ұрлау схемасын ұйымдастырған.

Тек биылдың өзінде полицейлер ірі көлемде шығын келтірілген 4 ұрлықты ашты. 7 мамыр күні Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп компания аумағынан жанармай ұрлауға байланысты заңсыз әрекеттердің жолы кесілді, – деді ол.

Жалпы, елдің стратегиялық маңызы бар және қала құраушы кәсіпорындарында заң мен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Ішкі істер министрлігі жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді.

– Жедел іс-шаралар барысында "ұрлықты ұйымдастырды және кейін жанар-жағармай материалдарын сатумен айналысты" деген күдікке ілінген тұлғалар ұсталды. Бір тоннадан астам жанармай, ірі көлемдегі қаражат, көлік құралдары, оқ-дәрілері бар қару және заңсыз схемада пайдаланылған өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Тергеу барысында ұрлық арнайы техникаға жалған жанармай құю және құжаттарды қолдан жасау арқылы жүзеге асырылғаны анықталды. Сонымен қатар, күзет құрылымдарының жекелеген қызметкерлері тарапынан көмек көрсету факілері де әшкереленді, – деді Қуандық Алпыс.

Қазіргі уақытта тергеу-жедел іс-шараларының кешені жүргізілуде, қаржылық-шаруашылық құжаттамаға талдау жасалып, келтірілген шығын көлемі нақтылануда. Алдын ала мәліметте шығынның аса ірі көлемде болуы ықтимал екені айтылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу