Қазақстан 123 елге 800-ге жуық тауар экспорттайды

2695

Биыл біздің ел машина жасау өнімдері мен құрылыс материалдарын Өзбекстанға, химия өнімдерін Украинаға жеткізе бастады.

Қазақстан 123 елге 800-ге жуық тауар экспорттайды

Отандық тауарларды экспорттау географиясы кеңейіп келеді, деп хабарлайды abctv.kz.

Үкімет отырысында Индустрияландыру бағдарламасының орындалуы туралы баяндама жасаған инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан 123 елге 800-ге жуық тауар түрін экспорттайды. Бұл ретте, биыл жаңа нарықтар да ашылған.

"Мәселен, биыл біз машина жасау өнімдерін және құрылыс материалдарын Өзбекстанға, химия өнімдерін Украинаға жеткізе бастадық", – деді министр.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, азық-түлік өнеркәсібінің өнімдері шет елдерде үлкен сұранысқа ие.

"Иранға, Бахрейнге ет өнімдерін жеткізу басталды. Ресейге ет өнімдерін, мал және өсімдік майларын, Қытайға өсімдік майын, Өзбекстанға қантты экспорттау көлемі артты", – деді ол.

Министрдің сөзінше, Индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асыру 2015 жылы басталған. Дәл осы жылмен салыстырғанда 2018 жылдың соңғы алты айында оң нәтижелерге қол жеткізілген.

"Бағдарламаның іске асырылуы өңдеу секторының тұрақтылығы мен динамикасына оң әсерін тигізді. Мәселен, жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2015 жылы 11,6%-ды құраса, 2018 жылы 12,9%-ға дейін өсті. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіптегі үлесі 39,5%-дан 40,9%-ға дейін артты. Ал экспорттағы үлесі 24,4%-дан 28,7%-ға дейін ұлғайса, тікелей шетелдік инвестициялардың ағынындағы үлесі 15,5%-дан  17,6%-ға дейін өсті", – деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, индустрияландыру дайын өнім шығаруға бағытталған өңдеу өнеркәсібі салаларындағы кәсіпорындардың санын арттыруға мүмкіндік берген. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 2010 жылмен салыстырғанда өңдеу салаларында жұмыс істейтін 3,5 мың кәсіпорын ашылды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу