Agoda цифрлық туристік платформасы Алматы қаласын келер жылдың үздік қысқы курорттық бағыттарының бірі ретінде атады.
Agoda жасаған рейтингке Қазақстаннан бөлек Жапониядағы Нисеко, Үндістандағы Гульмарг және Оңтүстік Кореядағы Пхенчхан курорттары енді. Сарапшылар Алматыны динамикалық туристік бағыт ретінде атап, заманауи мегаполис мүмкіндіктері, көркем табиғи ландшафттар және бай мәдени өмірдің үйлесімі саяхатшыларды ерекше қызықтыратынын алға тартады.
Платформа өкілдерінің пікірінше, Азиядағы қысқы курорттар табиғи әсемдік, дамыған инфрақұрылым және мәдени әртүрлілікті бір арнаға тоғыстыра отырып, туристерге бірегей тәжірибе ұсынады. Agoda – Оңтүстік-Шығыс Азияда кең танымал сервистердің бірі және Booking Holdings құрамына кіреді. Платформа 6 миллионнан астам қонақүй мен туроператорды, 130 мыңнан астам әуе бағытын және 300 мыңнан аса түрлі іс-шараны қамтиды.